
27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ұлттық мәдени игiлiк объектiлердің айрықша режимі бойынша сарапшы комиссияның арнайы отырысы өтеді.
Шараның мақсаты – Ұлттық мәдени игілік объектілерінің тізіліміне енгізу үшін мәдени құндылықтарды қарастыру және саралау.
Қазақстан халқы әлемдік өркениеттің баға жетпес қазыналарының қатарында маңызды мәдени құндылықтардың иесі ретінде көп ғасырлық тарихқа ие. Қазақстан ескерткіштер саны мен әралуандылығы жағынан Жерорта теңізі мен Таяу Шығыстың көптеген мемлекеттерінен кем емес. Сондықтан бүгінде Қазақстан халқы мен этникалық диаспоралардың тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарын сақтау үшін құқықтық кепілдік құру қажеттілігі туындап отыр.
Осыған орай, сарапшы комиссия отырыс барысында белгілі талаптарға сәйкес арнайы тізімді қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейі және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған мәдени мұралар бойынша жұмыс істеп, тарихи құндылықтарды іріктейді.