
Қыркүйектің 18-19 күндері Қарағанды қаласында ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс өтті.
Облыстық қазақ драма театрында өткен сөз сайысына 18 ақын қатысты. «Nur Otan» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған айтысқа Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Е.Жұрынбаев қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, «Халқымыздың баға жетпес мұрасы, асыл қазынасының бірден бірі осы айтыс өнері. Сөзден сарай салып, тапқырлығымен таңдай қақтырар, ел мен жер жайын, қоғам мен адам мәселесін өткірдің жүзі, кестенің бізіндей өлеңмен өрнек салып айтар бірден бір халық- қазақ болар! Мәдениет және спорт министрлігі ардақты өнерді насихаттау, өткізу шараларына бірнеше жылдан бері атсалысып келеді. Алда Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өтетін үлкен дүбірлі айтыс жоспарланып отыр» деген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың лебізін жеткізді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен айтыстың бас бәйгесін қарағандылық Мақсат Ақанов пен Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғаған Жандарбек Бұлғақов еншіледі. Мәдениет және спорт министрлігі сөз барымтасында топ жарған ақындарды жеңістерімен құттықтайды.