Чехияның Ұлттық музейінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық көрме ашылды

Чехияның Ұлттық музейінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық көрме ашылды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей (ҚР МОМ) жұмысының негізгі бағыттарының бірі- шет мемлекеттерде халқымыздың тарихы мен мәдениетін таныстыратын музей қорындағы коллекциялар негізінде көрмелер ұйымдастыру.

Халықарылық ынтымақтастық  шеңберінде, Қазақстан Республикасы мен Чехия Республикасы арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында, осы жылдың 17 қыркүйегінде Чехияның Ұлттық музейінде (Прага қ.)  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің  «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты  көрмесі ашылды.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік орталық музей директоры Нұрсан Әлімбай, Чехия Ұлттық музейінің директоры Михал Лукеш, Чехия Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Иржи Взиентек, Қазақстанның Чехиядағы және Словакиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов қатысты.

Көрме аясынды «Орталық Азия көшпелілерінің мәдени кеңістігіндегі адам, социум, жер» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияға Лондон университеті (Ұлыбритания) Шығыс және Африка елдерін зерттеу Мектебінің профессоры  Николас Симс-Уильямс, де Франце Колледжінің профессоры Франц Гренэ (Франция),  Алтай Мемлекеттік университетінің профессоры Алексей Алексеевич Тишкин (Ресей), Пиза қ. Университетінің профессоры,  доктор Пьер Джорджио Борбоне (Италия), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин сынды көптеген елдердің бірқатар ғалымдары, сонымен қатар музейдің ғылыми қызметкерлері қатысып баяндама жасады.

Ұлы даланың тарихы мен бай мәдениетін паш ететін осынау көрме «Ежелгі көшпелілер мәдениеті» және «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты өзара себеп-салдарлық байланыстағы екі бөлімнен құралған.     

Бірінші бөлімде көшпелі өркениетті қалыптастырған сақ, үйсін және қаңлылардың жоғары даму деңгейіне жеткен бай мәдениетін көрсететін мәдени құндылықтар қойылып, таныстырылды. Олардың барлығы қола немесе алтыннан жасалған. Аталмыш бөлімде жазбалары («күлтөбе жазбасы» немесе «соғды жазбасы») сақталған қыш тақтайшалар бар.

«Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты екінші бөлімге қазақ мәдениетінің бірегей символы саналатын - киіз үй орын алды. Бірегей архитектуралық үйлесім, ішкі жабдықтарының эстетикасы, пайдаланылатын заттардың қарапайымдылығы мен қолжетімділігі (киіз, ағаш, былғары және т.б.), жыл мезгіліне қарай қолайлығы,  тез құрылып, тез жиналуы киіз үйдің өмір сүруге өте ыңғайлы екендігін көрсетеді.  Сонымен қатар  киім-кешек үлгілері, зергерлік әшекей бұйымдар, кесте үлгілері мен тұрмыстық бұйымдар көрменің мазмұнын айшықтап, дәстүрлі қазақ мәдениетің өзіндік ерекшелігін көрсетіп, сан алуан тарихи-этнографиялық артефактілер арқылы қазақтың көшпелі тіршілік салтының интерактивті музейлік образын берді.

Көрменің мақсаты- Қазақстанның ежелгі көшпелілерінің мәдениетінің сан қилы және бай екендігін көрсету, ғылым мен мәдениет саласында байланысты нығайту, музейдің насихаттаушылық ролін және географиялық қызмет аясын  кеңейту. Аталмыш көрме экспозициясына 440 с.б. археологиялық артефакт қойылды. 

Көрме Чехияның Ұлттық музейінде 2019 жылдың 19 қарашасына дейін жалғасады.