
27 қазанда Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Жастар жылы» аясында ұйымдастырған «Astana-Violin» халықаралық скрипкашылар конкурсының 8 маусымы мәреге жетті.
Жыл сайын конкурс 10-15 және 16-28 жас аралығындағы скрипкашылардың қатысуымен өтіп келеді.
Биыл жеңімпаздарды «Қазақстанның еңбек ері», Қазақстанның халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева, Мәскеу консерваториясының профессорлары Эдуард Грач пен Сергей Кравченко, Вена консерваториясының профессорлары Борис Кушнир мен Игорь Петрушевский сынды танымал өнер қайраткерлері анықтады.
Конкурс қорытындысы бойынша гран-приді Агафья Григорьева, кіші топта 1-орынды Анастасия Мартынова мен Ангелина Гвоздарева, 2-орынды Әсемгүл Сыздықова, 3-орынды Айгерім Қартенбаева иеленді. Ал ересектер арасында 1-орынды Маргарита Афанасьева мен Әмина Ахметжанова, 2-орынды Айда Керімбаева, Мария Әбдіқаева мен Айсара Тұяқбаева, 3-орынды Аделя Дүйсенбай алды.
Дәстүрлі өнер додасының ерекшелігі жеңімпаздарға жаңа скрипкамен қоса, 2020 жылы 22 ақпанда Нью-Йорктағы атақты «Карнеги-холл» концерт залында Рүстем Оразалы мен Владимир Дёның ұйымдастыруымен өтетін Бүкіләлемдік өнер театрларының фестиваліне қатысуға сертификат табысталды.
Сонымен қатар, марапаттау рәсімі кезінде конкурстың ең жас қатысушысы 11 жастағы Амина Ахметжанова ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Австриядағы Қазақстан Республикасының елшілігінің ұйымдастыруымен Вена Концерт үйінде өтетін «Қазақстан жауһарлары» атты бағдарламалық кеште өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.