«Өнердегі доп» халықаралық көрмесі ашылды

«Өнердегі доп» халықаралық көрмесі ашылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан мен Ресей Елшіліктері, «Крафт-Павлов» халықаралық қайырымдылық өнер қолдау қорының ұйымдастыруымен халықаралық «Өнердегі доп» арт-көрмесі өтті. Салтанатты шараның ашылу рәсіміне еліміздегі Ресей федерациясының Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкин мен отандық футболшы Давид Лория қатысты.

Көрмеге Қазақстан, Ресей, Жапония, Италия, Франция, АҚШ, Швейцария, Үндістан, Нидерланды, Бразилия суретшілерінің 100-ден астам туындысы қойылды.

Айта кетейік, «Өнердегі доп» арт-көрмесі тұңғыш рет 2018 жылы Ресейде өткен футболдан әлем чемпионаты кезінде ашылған. Осы орайда, көрме ұйымдастырушылары Елена Крафт пен Елена Агапова арт-жобаның қазақ жерінде өтуіне қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовке алғыс білдірді.

Көрме Нұр-Сұлтан қаласынан соң Париж, Бейжің, Монако, Женева, Берлин, Лондон, Сеул және Баку қалаларында жалғасады. Ал ауқымды іс-шара 2022 жылы футболдан әлем біріншілігі қарсаңында Катар астанасы Доха қаласында қорытындыланады.