
2019 жылы белгілі этнограф, қазақстандық музыкатану және композиторлық мектептің негізін қалаушылардың бірі Александр Затаевичтің 150 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 9-12 қазан аралығында Мәскеуде (РФ) Халықаралық ғылыми конференция мен қазақстандық шығармашылық ұжымдардың концерті өтеді.
Қазақтың дәстүрлі музыка үлгілерін жинаушылар арасында әндер мен аспаптық пьесалар-күйлердің едәуір қомақты жинағы орыс-поляк композиторы, этнолог, музыкатанушы А.Затаевичтің еншісінде. Оның музыкалық этнография саласындағы еңбегі Қазақстанда музыка туралы ғылымның дамуы үшін берік тұғыр ретінде, көптеген одан кейінгі зерттеулер үшін әдістемелік негіз және зерттеушілік база ретінде қалыптасты. Композитор ретінде ол ұлттық композиторлық мектептің дамуына серпін беріп, еуропалық аспаптар үшін қазақ әуендерін нотаға жазу әдісін әзірледі.
Мәскеуде мерейтойлық іс-шаралар өткізу А. Затаевичтің мұрасын танымал етуге, Қазақстан мен Ресей арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Ресей ұлттық музейі өз қорында А. Затаевичтің мұрағатын сақтап, ғалымның бай мұрасын зерделеу мен жарыққа шығаруда қазақстандық зерттеушілер мен музыканттармен белсенді ынтымақтастықта қызмет етеді.
9 қазанда Ресей ұлттық музейінде «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің лекция-концерті өтеді. Қонақтарға дәстүрлі қазақ аспаптары туралы музыкант-мультиинструменталистер Абзал Арықбаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Мақсат Медеубек және Серік Нұрмолдаев әңгімелейтін болады.
11-12 қазанда П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консеваториясында «Әлем халықтарының музыкасы. Зерделеу проблемалары: мәдени мұраны сақтау (А. Затаевичтің 150 жылдығына арналған)» Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылады. Конференцияға Қазақстан, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария және Өзбекстан елдерінен ғалым-этномузыкатанушылар және шығыстанушылар қатысады. Конференция жұмысының бағыттары тек қана А. Затаевичтің қазақстандық және ресейлік ғылымдағы мұрасы ғана емес, сонымен қатар музыкалық дәстүрді материалдық емес мұра ретінде сақтаудың, олардың замануи мәдениеттегі ролі, дәстүрлі музыканы зерделеудегі жаңа тұрғылар секілді өзекті мәселелерге де арналған. Конференция аясында ауызша дәстүрлі музыка майталмандары шеберлік сабақтарын өткізеді. А. Затаевич жинағының тұсаукесері өтеді.
12 қазанда Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының Үлкен концерт залында Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің концерті болады.