«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмесі Малайзияда жалғасады

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмесі Малайзияда жалғасады

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі (сағат 15.00-де) Куала-Лумпурдағы Малайзия музейлерінің департаментінде   «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрмесін ашты. Бұл көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 1 қазаннан 31 қазанға дейін жалғасады.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Осы орайда, көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрі Датук Мохамаддин бин Кетапи, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманбаев Болат, Малайзия музейлері департаментінің Бас директоры Датук Камарул Бахарин бин А.Касим қатысып, жылы лебіздерін жеткізді.   

Естеріңізге сала кетейік, өткен ғасырда Алматының маңындағы Есік қорғанынан археолог Кемал Ақышев «Алтын адамды» тауып, археология саласында сенсация жасаған еді. Кейіннен баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды.  Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналса, «Алтын адамның» мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды. 

Ал араға жарты ғасырдай уақыт салып, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі халықаралық деңгейде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жобасын жариялады. Ауқымды іс-шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркия музейлерінде көрме ұйымдастырылды. Көрме жыл соңына дейін әлі екі мемлекетте жалғасады. 

Малайзия музейлері департаменті өткізіп жатқан көрмедегі Қазақ павильонынан алтын жапсырмалы киімдер мен жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейленген конус пішінді ерекше бас киімді, «Алтын адамның» реконструкциясын  және  осы жас ақсүйек сақ жауынгерімен бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларын тамашалауға болады.

Жалпы осынау көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі өз қорынан 346 зат ұсынып отыр. Бұл жәдігер Қазақстанның ежелгі және ортағасырдағы зергерлік өнерінің жауһарлары ғана емес, Еуразия дала мәдениетінің ерекшелігін көрсететін туындылардың аз ғана бөлігі.