
Бүгін 20 қарашада ҚР Ұлттық музейінде Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді.
Комиссия отырысына әкімдіктерден және заңды тұлғалардан ескерткіштер мен монументтердің жобаларын орнату туралы 30-дан аса ұсыныс келіп түсті.
2020 жылы елімізде кеңінен аталып өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай отырыс барысында Атырау, Павлодар және Абай қалаларында (Қарағанды облысы) орнатылатын ұлы ақын ескерткіштерінің үздік жобалары анықталды.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында орнатылатын Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтерге арналған біртұтас ескерткіш пен белгілі ғалым, академик Қаныш Сәтбаев ескерткішінің, Павлодар қаласында орнатылатын қазақтың көрнекті әншісі, ақын-композиторы Естай Беркімбайұлы, Сәтбаев қаласында орнатылатын Төлек батыр, Қатонқарағай ауданында орнатылатын жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімханов және т.б. тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналған ескерткіштердің жобалары қаралып, қомиссия тарапынан қолдау тапты.