
Бүгін Швейцарияның Лозанна қаласында ІІІ қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы басталады.
9-22 қаңтар аралығында әлемнің 79 ұлттық олимпиада комитетінен келген 1872 спортшы жүлдеге таласады. 15-18 жас аралығындағы өрендер шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, альпинизм, биатлон, шайбалы хоккей, шанамен сырғанау, бобслей, скелетон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру және керлинг сынды 16 спорт түрінен сынға түседі.
Айта кетейік, Лозаннадағы олимпия ойындары қатысушылар бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. 2012 жылы алғаш Инсбуркте жалауы желбіреген Олимпиадада 1059 спортшы бақ сынаса, 2016 жылы Лиллехаммерге 1100 спортшы келген болатын.
Қатысушылар санының көптігіне байланысты спортшылар олимпиадалық қалашыққа әртүрлі уақытта орналастырылды. Алдымен 9-15 қаңтар аралығында сынға түсетін атлеттер жайғасты. Ал екінші толқын 16 қаңтарда басталып, 22 қаңтарға дейін жалғасатын спорт түрінен бақ сынайды.
Бәсекені қабылдаушы Швейцария ең көп спортшы қосады (112). Одан кейін Ресей (107), үшінші АҚШ (96). Ал Қазақстан атынан Лозаннаға 26 спортшы аттанды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2012 жылы Инсбуркке 37, 2016 жылы Лиллехамерге 20 қазақ спортшысы барып, 2 төрт жылдық доданың қорытындысында 8 медаль жеңіп алған.