
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының ұйымдастыруымен Ұлттық музейде «Бозоқ тарихи-мәдени жобасы: 2019 жылдың қорытындысы және даму перспективасы» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының аумағындағы бірегей археологиялық ескерткіш - Бозоқ ежелгі қалашығы ашық аспан астындағы музейінің құрылысы жоспарлануда. Бұл жоба ежелгі Бозоқ қалашығын қайта жаңғыртуды, Еуразия аумағындағы дала өркениетінің қалыптасуы мен дамуы тарихының негізгі кезеңдерін көрсететін 5 тарихи қоныстың құрылысын қамтиды. Бүгінгі өткен жиында жоба жетекшілері, құрылысқа жауапты адамдар, ғалымдар 2019 жылда іске асқан шаруалардың қорытындысын шығарды. келесі жылға жоспарланған шаруалар барысымен жиналған көпшілікті таныстырды.
Алқалы басқосуда Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жаннат Сейдалиева биыл атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
«Біз өтіп бара жатқан жылды үлкен табыспен аяқтап отырмыз. Сенат «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» жаңа Заңды мақұлдады. Алдағы уақытта Заң аясында жобаларды бірлесіп іске асырамыз»,-деді ол.
Жыл бойы «Бозоқ» мұражай-қорығы аумағында орасан зор жұмыстар жүргізілді: елдің жетекші жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылып, ғылыми және мәдени мекемелермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Сондай - ақ гуманитарлық зерттеулер институтымен және солтүстіктегі саны аз халықтардың мәселелері-Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесімен, М. Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералдық университетімен және О. Әлиев атындағы Қарашай-Черкес мемлекеттік университетімен ынтымақтастық туралы үш халықаралық меморандумға қол қойылған.
«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры міндетін атқарушы Сәуле Бөрбаева атқарылған шаруалар істің тек бастамасы екенін айтты.
«Қазір елшіліктермен белсенді жұмыс жүргізілуде. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу туралы куәлігін, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге лицензия берді. Жобаны ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында 10-нан астам әртүрлі форматтық іс-шаралар өткізілді. Қазір жетекші отандық ғалымдар мен сәулетшілердің қатысуымен жобаның тарихи бөлігін эскиздік жобалау жұмыстары дайындалып жатыр», - деді ол.
Ежелгі қалашықтағы тұрғын үй дамуының эволюциясы туралы «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Зейнолла Самашев айтты. Ал осынау тарихи мекендегі керамика мен қыш ісінің дамуы жайлы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері, PhD Ералы Ақымбек ғылыми негізде түсініктеме берді. Сонымен бірге Қазақстан аумағында металлургияның дамуы туралы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері А.Ермолаева қысқаша мәлімдеме жасады.
Кезінде «Бозоқ» ежелгі қалашығы хақында ғылыми еңбек жазған, киелі орынды қалың жұртшылыққа таныстырған танымал тарихшы К.А.Ақышевтің жаңадан табылған мұралары туралы К.А.Ақышев атындағы Археология ҒЗИ директоры, т.ғ.к., доцент М.Қ.Хабдуллина баяндады.
Ал, тарихи орында қазіргі таңда жүргізілген жұмыстар ретін «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының инженері Серік Бейсенов айтты.
«Бүгінгі таңда археологиялық қазба учаскесінен топырақ сынамасы алынды, учаске аумағын санэпидемстанция қызметкерлері толығымен зерттеді, сонымен қатар инженерлік-географиялық іздестіру жұмыстары жүргізілді» - деді ол.
Бұдан кейін жоба жетекшісі жиналған көпшілікті келесі жылға жоспарланған іс-шаралар барысымен таныстырды.
Айта кетейік, республикалық семинар жұмысына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, белгілі ғалымдар, археологтар мен этнологтар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, Нұр-Сұлтан қаласының колледждері мен жалпы білім беру мектептерінің педагогтары, зиялы қауым өкілдері қатысты.