
Бүгін «Сарыарқа» велотрегінде «Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациялар Одағы» ЗТБ кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Аталған кездесуде Федерацияның жаңа басшысы тағайындалды. Бұл орынға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Асханұлы Смайылов сайланды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жаңа сайланған Федерация Президентіне қызметте сәттілік тілеп, аталған Федерация жұмысының аса маңызды екеніне тоқталды. Президенттік сынақтың ұлт денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына шақыруда аса маңызды екенін жеткізді.
«Әлихан Асханұлы, Сізді аталған Федерацияның Президенті қызметіне тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасы сынағы күшті, төзімділікті, жылдамдық пен ептілікті көрсететін дене шынықтыру жаттығуларының түрлерін қамтиды және жеке адамдардың жасына байланысты деңгейлерден тұратынын атап өткім келеді. 2019 жылы Президенттік сынақтың 2-тоқсанына 3463690 адам қатысты. Оның 49 387 -і (19602-сі ауылдық жерден) Президентік деңгейдегі нормативтерді, 145222 адам ұлттық деңгейдегі нормативтерді (67421 адам ауылдық жерден) еңсерді. Ал бастапқы деңгейдегі нормативтерді 348009 адам (134902-сі ауылдық жердің тұратындары) орындады»,-деді министр Ақтоты Рахметоллақызы
Жаңа сайланған Федерация Президенті бұқаралық спорттың ел саулығындағы маңыздылығын атап өтті.
«Ұлт саулығы ел саясатының басым бағыттарының бірі. Бұқаралық спортты әлеуметтің барлық топтары арасында дамыту маңызды. Спорттық инфрақұрылымды бұқараға қолжетімді ету керек. Бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспарды заңмен бекітіп, осы бағытқа басымдық беру қажет»,-деді Әлихан Асханұлы.
Сонымен қатар, Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы бас директоры Абат Имамбаев Ассоциация атынан жаңа сайланған Президент қызметіне сәттілік тілеп, болашақта ұйым тарапынан Федерацияға қолдау білдіретінін жеткізді.
Қосымша ақпарат: Биыл барлық федерациялар спорттық саралаудан өтіп, соның ішінде Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациясы жоғары нәтижелерімен В тобына енді.