Нұрғиса Дәуешов республикалық қоғамдық кеңес жұмысына қатысты

Нұрғиса Дәуешов республикалық қоғамдық кеңес жұмысына қатысты

Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңе­сінің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Қоғамдық кеңес жұмысына Мәдениет және спорт министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру әдістемелік орталығы, Ұлттық тестілеу орталығы өкілдері және т.б. қатысты.

Отырыс барысында Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс тобының қызметі, мемлекеттік тілді меңгеруі міндетті кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін бекіту, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңындағы «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» деп аталатын 21-баптың орындалуы, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмысының тиімділігі және де басқа мәселелер қаралды.

Кеңес отырысында Бекболат Тілеухан мемлекеттік тіл мен салт- дәстүрді дамыту партияның стратегиялық маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Жұмыс тобының отырысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов сөз сөйледі.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Жаңа әліппені енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеріп, оны пысықтау керек екенін айта келе, қазақ тілін реформалаудың маңыздылығына тоқталған болатын. Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі үш тіл саясатын үйлестіруші уәкілетті орган ретінде Мемлекеттік тілдің қолдану Заңы аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра беретін болады. Министрлік 2019 жылғы 24 қазан күні Miras республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында тіл саясатын жүзеге асыру жөнінде есеп беріп, 18 қараша күні мем­лекеттік тіл мәселесі бойынша жұ­мыс тобы мүшелерінің қатысуымен кеңес өткізді. Онда мемлекеттік тіл бағдар­ламадағы бірқатар индикаторлар мен көр­сеткіштердің орындалмау себептері тал­қыланып, жаңа мемлекеттік бағдарлама­ның мақсат-міндеттері, оның аясында жүзеге асырылуы көзделген іс-шаралар кешені жан-жақты қарастырылды, – деді ол.

Жиында жазушы Алдан Смайыл, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, сонымен қатар жиналысқа бейне байланыс арқылы қосылған облыстық тілдерді дамыту басқармаларының басшылары Мемлекеттік тілге қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Алқалы жиын қорытындысында жауапты тұлғалар айтылған кейбір мәселелер алдағы уақытта өз шешімін табатынын мәлімдеді. Және бұл жауапты істе жетекші партия тиісті ұйымдармен мекемелермен бірлесіп жұмыс істегенде оң нәтижеге жететіні айтылды.