Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова Қырғыз Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, танымал кинорежиссер, сценарист, КСРО-ның халық әртісі Болот Төленұлы Шамшиевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның ет жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
Болот ағамыз қазақ пен қырғызға ортақ тұлға еді. Саналы ғұмырын кино өндірісінің өркендеуіне арнаған саңлақтың артында «Адамдар арасында», «Махаббат жаңғырығы», «Фудзиямадағы кездесу», «Қараш-қараш оқиғасы», «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері», «Ақ кеме», «Қасқырдың апаны», «Манасшы», «Шоқан» сынды шоқтығы биік туындылары қалды. Өнері мен өмірі қатар өрілген ағамыздың мол мұрасымен әлі талай буын тәрбиеленіп шығарына кәміл сенемін.
Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай, - деп жазылған көңіл айту хатында.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықтар Достығы орденінің, Манас орденінің иегері Болот Шамшиев Әкім Тарази, Асанәлі Әшімов, Қалтай Мұхамеджанов және т.б қазақтың ақын жазушыларымен, өнер майталмандарымен шығармашылық тығыз қарым-қатынаста болып, қазақ- қырғыз кино өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға.