Ақтоты Райымқұлова Өзбекстанның Мәдениет министрімен кездесті

Ақтоты Райымқұлова Өзбекстанның Мәдениет министрімен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Өзбекстандағы Қазақстан жылының жабылуы аясында Ташкент қаласындағы Форумдар сарайында Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Бахтиёр Сайфуллаевпен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында министрлер мемлекеттер арасындағы ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени-рухани байланыстардың шынайы әрі берік дамып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы жоғары деңгейде өткеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ - өзбек тарапының экономикалық, мәдени, дипломатиялық байланыстарды нығайып отырғанына зор баға береді. Биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы бауырлас елдер арасындағы қарым- қатынасты одан әрі дамытуға ықпал еткені сөзсіз. Соның нәтижесінде көктемде екі ел министрлері өзара мәдени ынтымақтастық негізінде бекіткен бағдарламаға сай 220-дан астам іс-шара өтті. Екі елдің халқы мәдениет, өнер, әдебиет, ғылым, туризм саласындағы мәдени және іскерлік байланыстардың жаңа үлгісіне куә болды.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ташкентте мәдени іс-шаралар әлі де өткізілуде. Оның жарқын мысалы ретінде «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының «Абай» операсын, «Мадам Баттерфляй» қойылымын сахналауы, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің,  «Қазақконцерт» ұжымының,  Қазақстанның танымал әншілері Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісовалардың жеке концерт беруі және т.б қазақстандық өнер ұжымдарының өнер көрсетуі дер едім. 2020 жыл әлемдік қауымдастық ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтпекші. Сонымен қатар, киелі өзбек топырағында Төле би (Қарлығаш би) мен Әйтеке бидің және де басқа тарихи тұлғалардың ескерткіштері бар. Бұл екі ел тарихының тамыры тереңде екендігінің жарқын мысалы»,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Бахтиёр Сайфуллаев  Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында атқарылған іс- шараларға жоғары баға берді.

Өзбекстанның кино күндері Қазақстанның бірқатар қалаларында, атап айтсақ, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылордада, Түркістанда зор қошеметпен өтті. Қазіргі таңда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы мектептерде домбыра сыныбын ашу жоспарланған. Онда қазақ диаспорасының мектеп оқушыларымен қоса жергілікті ұлт өкілдері де дәріс алатын болады.

Сонымен бірге, Өзбекстанның мәдениет, өнер, театр, эстрада майталмандарын Қазақстан жұртшылығы зор құрметпен қарсы алғанына шынайы алғысымды жеткіземін. Көктемдегі кездесуде қабылданған арнайы бағдарламадағы 85 баптың барлығы, нақтылай кетсем бұл 220 іс- шара, жоғары деңгейде атқарылды. Мұның өзі тамыры бір туыс елдің бір-біріне құшағы ашық, көңілі ақ, пейілі дархан екендігінің айғағы. Қазақстанда биыл Жастар жылы аясында, Сіздің министрліктің ұйымдастыруымен күні кеше ғана  АҚШ төрінде Димаш Құдайбергеннің тамаша концерті өтті, құтты болсын айтамын»,-деді Бахтиёр Сайфуллаев.

Еске сала кетейік, 21 желтоқсанда ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова Ташкентте «Amirsoy» тау шыңғысы курортының ашылу рәсіміне қатысып, туризм саласы бойынша бірлескен меморандумға қол қояды. Ал кешкісін Ақтоты Райымқұлова мен Бахтиёр Сайфуллаев «Узбекистон» Форумдар сарайында өтетін Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ресми жабылу салтанатына орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалап, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің  «Қазақстан – таулар мен дала рухы» атты көрмесін аралап көреді.