
Бүгін Италияның Валкьявенна қаласында өтіп жатқан XIX Сурдлимпиаданың соңғы күнінде шахматтан Қазақстан ерлер құрамасы алтын алды.
Отандастарымыз 15 елдің спортшылары қатысқан командалық сында он кездесу өткізді. Моңғолия, Хорватия, Болгария, Италия спортшыларын айқын басымдылықпен ұтса, Ресей, Польша, Германия, Өзбекстан құрамасымен тең түсті. Ақтық кездесуде ел құрамасы Беларусь шахматшыларымен 2:2 есебімен тең түсті. Финалға дейінгі кездесулер көрсеткіші бойынша Қазақстан құрамасы басым түсіп, жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы сапында Самажан Кеттебеков, Виктор Максименко, Амангелді Наурызғалиев, Берік Нұрымов, Максим Рожков, Дмитрий Мочалский сынды шахматшылар өнер көрсетті.
Ал әйелдер арасында 6 команда бақ сынады. Шахматшы қыздарымыз тоғыз кездесу өткізіп, жалпы есепте 5-орынға тұрақтады.
Айта кетейік, есту қабілеті нашар спортшылар арасындағы сурдлимпиада Италияның Валтеллина және Валкьявенна қалаларында өтті. Төрт жылдықтың басты додасында 34 мемлекеттен келген 506 спортшы шайбалы хоккей, сноуборд, шаңғы спорты, тау шаңғысы, керлинг және шахматтан жүлделер жиынтығын сарапқа салды. Қазақстан құрамасы сапында шайбалы хоккей, шаңғы спорты, сноуборд және шахматтан 40 спортшы қатысты.