
Бүгін Нұр- Сұлтан қаласында Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының халықаралық конгресі өтті. Конгреске әлемнің 27 елінен Қазақ күресі спортының өкілдер қатысты. Жиын барысында федерация басшысын сайлау мәселесі қаралды. 27 мемлекет өкілінің бір ауыздан берген дауысымен федерациясының президенті қызметіне Алик Шпекбаев сайланды.
Жаңа сайланған президент Алик Шпекбаев 27 елден келген федерация мүшелеріне ұсыныс білдірді. Ол федерацияның «Құрметті президенті» ретінде Досхан Жолжақсыновты, бірінші вице-президенті ретінде Бәделхан Камалханұлын сайлауды ұсынды. Көпшілік бұл ұсынысты қолдады. Сондай-ақ федерацияның вице-президенті қызметіне грекиялық Пекос Феодорос пен қытайлық Соң Жиаңлиң сайланды.
Еліміз үшін мерейлі сәтті қуана қабылдаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының жаңа сайланған президентіне құттықтау жолдады.
Құрметті Алик Жатқамбайұлы!
Сізді Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының президенті болып сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз Егемен Еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті басшы, мемлекетшіл азаматсыз. Бірқатар лауазымды қызметті атқара жүріп, шебер ұйымдастырушы ретінде тың бастамаларға ұйытқы болдыңыз.
Алдағы уақытта қазақ күресінің аясын кеңейтуге бағытталған бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, деп жазылған құттықтауда.