
Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапхананың мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешовтың қатысуымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Латын графикасына көшу жұмыстарының нәтижесі және алдағы міндеттер» атты Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологоиялық және Сараптама-техникалық жұмыс топтарының біріккен отырысы өтті.
Алқалы жиында сөз алған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов латын графикасына өту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы мәлімдеді.
Сонымен қатар, комиссия қазіргі таңда қазақ қоғамы үшін өзекті тақырыптарды қарастырды. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ономастика бөлімінің меңгерушісі Рысберген Қыздархан «Қазақстан азаматтары аты-жөндерінің және Қазақстан географиялық атауларының латынграфикалы әліпби негізінде жазылу ережелері», А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінің меңгерушісі Орынай Жұбаева «Қазақ тілінің пунктуациялық ережесі» және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова «Әліпбиді жетілдіруге байланысты апробациялық жұмыстар нәтижесі» туралы баяндады.
Бүгінгі жиынға қоғам белсендісі, тіл жанашыры Жанат Аймағанов латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жетілдіруге қатысты жобасын ұсынған болатын. ІТ маманы дайындаған жоба ғалымдар тарапынан қызу талқыланды.