Рүстем Қайыртайұлы «Алтын домбыра» республикалық айтысының жеңімпазы атанды

Рүстем Қайыртайұлы «Алтын домбыра» республикалық айтысының жеңімпазы атанды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, «Nur Otan» партиясы мен БҚО әкімдігінің қолдауымен өткен  Тұғыры биік Тәуелсіздік»  атты республикалық VIII «Алтын домбыра» айтысы аяқталды.

Тәуелсіздік күні Ақжайық жұртына жырдан шашу шашып, ел бірлігі мен тұтастығын дәріптеген республикалық ақындар айтысында жеңімпаз атанған алматылық Рүстем Қайыртайұлына «Алтын домбыраны»  ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов табыстады.

«Айтыс ақтаңгері» атағын (І орын) сыр сүлейі Мұхтар Ниязов алды. Оралдық Жансая Мусина мен алматылық Қазірет Бердіханға ІІ орын бұйырды. Арқалықтан келген танымал ақын Айбек Қалиев пен қарағандылық Өміржан Көпбосынов ІІІ орын иеленді.

Жылдың қорытынды айтысының «Арнайы жүлдесіне» Елордалық Әсем Ереже мен алматылық Қанат Мырзахан лайық деп танылды. Ел ықыласына ие болған қос ақынға шабыттандыру сыйлығы берілді.

Жүлдегерлерді «Nur Otan» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, белгілі ақын, қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлы бастаған алқа мүшелері, меценат, айтыс жанашыры Дулат Тастекеев  марапаттады.

Дулат Тастекеев оралдық ақын Бауыржан Шермединұлына өз атынан біржылдық шәкіртақы (2,4 млн. теңге) тағайындады.

Белгілі меценат сонымен қатар, сарыарқалық ақын Дидар Қамиевке ат мінгізді.