Нью-Йорктегі Barclays Center-де Димаш Құдайбергеннің Arnau Tour Envoy концерті өтті

Нью-Йорктегі Barclays Center-де Димаш Құдайбергеннің Arnau Tour Envoy концерті өтті

10 желтоқсанда (Нұр-Сұлтан уақытымен 11 желтоқсан таңертең) Нью-Йорктегі Barclays Center-де Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен АҚШ-тағы Қазақстанның мәдени күндері аясында Димаш Құдайбергеннің Arnau Tour Envoy концерті өтті.

Нью-Йорктегі Barclays Center Jay-Z, Бейонсе, Мадонна, Рианна, Пол Маккартни сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен танымал сахна екенін айта кетейік. Димаш Құдайберген аталған кешенде ән кешін өткізген алғашқы қазақстандық әнші.

Концертке билеттер санаулы күнде-ақ сатылып кеткен. Әнші өз көзімен көру үшін әлемнің 54 елі мен АҚШ-тың 41 шатынан жанкүйерлер келіпті.

Әнші бұл жолы Arnau tour ENVOY деп аталатын жаңа концерттік бағдарламасын ұсынды.

«Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі жас орындаушыларды жан-жақты қолдап, халықаралық аренада өнер көрсетуі үшін жағдай жасап келеді. Димаш осы сөзімнің жарқын айғағы. Бұл Министрлік тарапынан ұйымдастырылып отырған Димаштың бірінші концерт емес. Естеріңізде болса, өткен жылы Лондон қаласында жеке ән кеші өткен болатын. Біз қазір әлемдік деңгейдегі әншінің шарықтау сәтінің куәгері болып отырмыз»,-деді осы концертке арнайы келген Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов.

Arnautour ENVOY бағдарламасы аясында көптеген режиссер, хореограф, музыкант, биші, оператор мен видео маман жаңа визуалды көріністер мен сахналық қойылымдар дайындады.
Нәтижесінде 30-ға жуық осындай жеке концертттік номерден құралған бағдарлама сәтті өтіп, тыңдармандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Ал кештегі негізгі бағдарлама Димаш орындаған туындылардан құралған шексіз ғаламшарға арналды.
Ән кешіндегі тұсаукесер әнді орындап болғаннан кейін:

«Қолдауларыңызға көп рақмет! Мен сіздерді жақсы көремін. Бұл менің Нью-Йорктегі алғашқы концертім. Қазақ мәдениетін, ән өнерін әлемдік деңгейде насихаттау менің бала күнгі арманым еді. Бүгін Нью-Йоркте менің осы арманым орындалды»,-деді Димаш Құдайберген.

Сонымен қатар, осы кеште Baqytty bala конкурсының гран-при иегері Айгерім Тілеубек «Гауһар» әнін орындады.

Естеріңізге сала кетейік, жазда Димаш жас әншіні өзі марапаттап, концертіне шақырған еді. Ал ұлттық музыкалар бөлігінде әншінің інісі Әбілмансұр Құдайберген домбыра дауысымен тыңдарманды тәнті етті.

Димаштың орындауында тыңдармандар жүрегіннен орын алған S.O.S әні бұл жолы жаңа форматта ұсынылды. Әнмен бір қатарда экраннан Батырхан Шукенов, Брюс Ли, Курт Кобейн, Эми Уайнхаус сынды өзге де танымал тұлғалардың суреті көрсетілді.

Сондай-ақ, Димаштың орындауындағы «Olimpiсo» әнін жанкүйерлер тапжылмай тыңдаса, «Любовь уставших лебедей» әнін зал қосыла шырқады.

Кештің басты ерекшелігі Димаштың барлық сахналық киімдері қазақы нақышта тігілгендігі болса керек. Шоудағы барлық хареографиялық қойылымдарды «Астана Балет» театрының «DQ Dance Pro» балет труппасы орындады.

Жалпы шоу кезінде Димаш қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілінде ән айтты.