
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Шамамен 3 сағатқа созылған қабылдау барысында министр 20-ға жуық мәселені қарады. Сондай-ақ ZOOM жүйесі арқылы Дәурен Абаев Атырау және Орал қалалары азаматтарының сауалдарына жауап берді.
Проблемалық мәселелердің негізгі блогы шығармашылық және спорт секцияларын жан басына қаржыландыру жүйесінің жұмысына, мүмкіндігі шектеулі спортшыларды даярлауға, мәдениет және өнер саласындағы жобаларға қатысты болды. Сондай-ақ кездесу барысында Министрлік жетекшілік ететін салалардың қазіргі кездегі өзекті мәселелері және оларды шешудің тиімді жолдары талқыланды.
Дәурен Абаев барлық өтініштерге толық жауап беріп, бірінші кезекте ARTSPORT бағдарламасы жабылмайтынын атап өтті. Оны одан әрі іске асыру әкімдіктер тарапынан қаржыландыруға байланысты. Қазіргі уақытта жергілікті атқару органдары қосымша қаражат бөлу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қалған мәселелерді министр жеке бақылауға алып, құрылымдық бөлімшелерге тиісті тапсырмалар берді.