
2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 50%-ға өсті. Бұл – 6,9 млн. адам. Аталған көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 300 мың адамға жоғары.
Ұлттық саябақтарға келушілердің саны артты. 2020 жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының саны 172 бірлікке артып, 3 686 қонақүйді қамтыды. Бұл ақпараттарды ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Сонымен қатар министр саланы дамытуға арналған нақты іс-шаралар туралы да айтты.
«Көрсетілген қызметтердің көлемі карантинге дейінгі кезеңге сай. 2021 жылы көрсеткіш 109 млрд теңгені құрады. Негізгі өсу ішкі туристер санының артуымен байланысты болып отыр. Мысалы, Ақмола облысында көрсетілетін қызметтер көлемі 3 млрд теңгеге жуық, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 2 млрд теңгеге, Шымкент қаласында 1 млрд теңгеге өсті. Алайда бұл көрсеткіштің Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Атырау облыстарында және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында айтарлықтай төмендегені байқалады», - деді Дәурен Абаев.
Бұдан соң министр инфрақұрылымдық жобалар, жаңа жұмыс орындарын ашу және туризм саласындағы тың бағыттар туралы айтты.
«Туристердің жайлылығы мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету үшін, дестинацияларда инфрақұрылым салудан басқа, маршруттар бойындағы инфрақұрылымның дамуына назар аудару, сондай-ақ туристік өнімнің материалдық емес компоненттерін дамыту қажет. Еліміз бойынша «Қазақстанның Гранд-туры» негізіне кіретін бес басым бағыт айқындалды», - деп жалғастырды министр.
Дәурен Абаевтың айтуынша бизнестің инвестициялық белсенділігі артқан. Осылайша 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде 400 млрд теңгеден астам сомаға 290 инвестициялық жоба іске асырылды.
«Биыл 1 қаңтардан бастап туристік салада мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары қолданысқа енгізілді. Оларды жетілдіру мақсатында біз Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен туристік саланы қолдау мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар өңірлердің назарын дәретханалардың жағдайына аударғым келеді. Аталған мәселені жеке бизнесті тарту арқылы шешкен дұрыс», - деді министр.
Таяу болашақта министрлік алдында визалық режимді одан әрі либерализациялау міндеті тұр.