
19 мамырда Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер мәдениет министрлерінің кеңесі өтті.
Кеңесте сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәдени-гуманитарлық саладағы диалог пен тығыз іс-қимыл ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен достықты нығайтудың маңызды негізі болғанын атап өтті.
«ШЫҰ-ның демографиялық әлеуеті 3 млрд.адамнан асады. Сонымен қатар, соңғы жылдары мемлекеттер халқының бір-бірінің мәдениетіне өзара қызығушылығы артып келеді. Әр мемлекет өзінің заманауи, сондай - ақ дәстүрлі, классикалық және танымал өнердің тез дамып келе жатқан салаларымен мақтана алады», - деді министр.
Бұдан кейін Дәурен Абаев ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, бұл алдымен креативті экономиканы дамыту. Дәурен Абаев креативті индустрияны қолдау, заңнамалық және салықтық реттеу, инфрақұрылымды қамтамасыз ету және хабтар құру тәжірибесімен алмасу бағытында көпжақты сарапшылар тобын құру туралы ұсыныс айтты.
«Қазіргі кезде біздің елдерімізде көптеген шығармашылық жоғары оқу орындары табысты жұмыс істеп келеді. Бұл мәдениет салаларының кадрлар ұстаханасы. Алайда, олардың арасындағы байланыс өте сирек және фрагментті деуге болады. Бұл тұрғыда әр мемлекеттің жетекші шығармашылық жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс - қимылдың пилоттық бағдарламасын әзірлеу ұсынылады», - деп жалғастырды Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, алдымен бір университетпен бір нақты бағытта, мысалы, кинорежиссура бойынша таңдау жасап, содан кейін жүйелі түрде тағылымдамалар, студенттер мен оқытушылармен алмасу кестесін пысықтау жұмысы жүргізілуі қажет. Сондай-ақ, ШЫҰ брендімен дәстүрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылды.
«Бүгінде қоғамның қабылдауында ұйымның саяси ұстанымы айқын себептермен басым. Дегенмен де мәдени-гуманитарлық спектрдің әлеуеті мен болашағы зор», - деп түйіндеді министр.
Біздің анықтама:
ШЫҰ мәдениет министрлерінің бірінші кеңесі 2002 жылғы 12 сәуірде Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен. Бірінші кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты негізде ШЫҰ шеңберінде мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласқан.