
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Беларусь Республикасының елшісі Павел Утюпинмен және Марокко Корольдігінің елшісі Мохаммед Рашид Маанинамен кездесті. Кездесу барысында мәдениет, кинематография, туризм және спорт салаларындағы екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен келешегі талқыланды.
«Бүгінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді және екі халық арасындағы байланыстырушы көпір саналады. Мемлекеттік архивтер мен музейлер арасында серіктестік қарым - қатынас орнатылды, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылық байланыстары қолдау тауып отыр, сондай-ақ кинематография саласындағы әлеует артып келеді», - деді Дәурен Абаев Беларусь дипломатымен әңгіме барысында.
Сондай-ақ Беларусьте Қазақстан Республикасының Мәдениет күндерін өткізу және қазақстандық тараптың «Витебскідегі славян базары» халықаралық өнер фестиваліне қатысу мәселесі талқыланды. Өз кезегінде Беларусь елшісі министрге 2021 жылы Беларусьтің Қазақстандағы мәдениет күндерін өткізуге көмектескені үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар спорт және туризм саласындағы жобалар талқыланды.
Марокко Корольдігінің елшісі Мохаммед Рашид Маанинумен кездесу аясында туризм саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылауға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда Дәурен Абаев туристік инфрақұрылымды дамыту және инвесторлар үшін тиімді жағдай жасау туралы айтып берді. Сондай-ақ министр Марокко Корольдігінің өкілдерін «Еуразия» кинофестиваліне қатысуға шақырды.