
Бразилияда өтіп жатқан 24-ші жазғы Сурдлимпиадада грек-рим күресінен жарыстар аяқталды. Бұл сында 130 келіде ел намысын қорғаған Хайратхаан Шонку қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырынан көрінді. Отандасымыз финалдық кездесуде түрік спортшысы Мехмет Юсалды айқын басымдылықпен жеңіп, алтын медаль иегері атанды.
Өз кезегінде 97 келіде Асылжан Тәжиев Иран спортшысына есе жіберіп, жарысты күміс жүлдемен қорытындылады. Ал, Нұржан Асан (77 кг), Алдияр Балташевтар (60 кг) үшінші орын үшін болған бәсекеде қарсыластарынан басым түсіп, қос спортшымыз ел қоржынын тағы екі қоламен толықтырды.
Сурдо грек-рим күресінен ұлттық құраманың аға бапкері Ерлан Мұқажан спортшылардың нәтижесіне көңілі толғанын айтты.
«Жігіттер ерледі. Қаншама оқу-жаттығу жиындары мен жаттығулардың арқасында осындай нәтиже көрсетті. Бір алтын, бір күміс, екі қола- бұл біз үшін үлкен жетістік. Алдағы таңда дайындығымызды шыңдай түсіп, келесі сурдлимпиадада бұдан да жоғары нәтиже көрсететінімізге сенімдімін»- деді аға бапкер.
Есту мүшесі зақымданған спортшылар арасындағы төрт жылдықтың дүбірлі додасы 16 мамырға дейін жалғасады. Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 4 күміс, 17 қола жүлде бар.