
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Орталық спорт клубының спортшысы Жанна Мамажановамен кездесті. Жанна биыл сәуірдің басында Роттердамдағы дəстүрлі марафонда үшінші болып мәреге жетті. Ол бар қашықтықты екі сағат 26 минут 54 секундта жүгіріп өтті. Осы нәтиже арқылы Жанна Қазақстан рекордын жаңартты. Алдыңғы рекорд 1987 жылғы 15 қарашада тіркелген-ді.
Кездесу барысында министр Жанна Мамажанованың мақсатқа жету жолындағы күнделікті жаттығулары, шыдамдылығы мен мақсаткерлігін ерекше атап өтіп, марафоншыға алғыс білдірді.
«Осындай беделді марафонда жүлделі орын алу - айтарлықтай жеңіс. Сіз осы арқылы жеңіл атлетика əлемінде еліміздің атын дүркін-дүркін естіртіп келесіз. Алда талай жетістіктерге жетіп, тағы рекордтар тіркейтініңізге сенемін», - деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, Жанна Мамажанованың нәтижесі спортпен шұғылданғысы келетін көптеген қазақстандыққа үлгі болуға тиіс.