
Бүгін «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Көктем келді! Ағаш отырғызуға асығайық» атты акция өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен республикалық іс-шара барысында археологиялық ескерткіш аумағында ағаш отырғызылды.
Акцияға мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Нұр-Сұлтан қаласы және Ақмола облысы әкімдіктерінің өкілдері, музей қызметкерлері, Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институты және Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының оқытушылары, Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы, Аt-travel ат клубы, сондай-ақ елорданың жалпы білім беретін мектептері мен колледждерінің оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты-қоғамның назарын тарихи-мәдени мұра мен экологияны сақтау проблемаларына аудару. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар акцияның жақын маңдағы «Үркер» шағын ауданының дамуына жағымды әсер ететініне сенімді.
Естеріңізге сала кетсек, ежелгі Бозоқ қалашығы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында, Ильинка және Үркер ауылдарының ортасында орналасқан. Бұл археологиялық ескерткіш Ақмола облысының «Құмай», «Бытығай» ескерткіштерімен қатар елорданың киелі белдеуіне кіреді.