Тұңғыш Президент күніне орай Отырарда Сапар орталығы ашылды

Тұңғыш Президент күніне орай Отырарда Сапар орталығы ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Түркістан облысының Отырар ауданында Сапар орталығы  ашылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Отырар қалажұрты маңынан салынған Сапар орталығының ашылу салтанатына Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова, композитор, шәмшітанушы, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Қалдыбек Құрманәлі, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, БАҚ өкілдері, ЖОО мен ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары, туристік агенттік өкілдері, республикалық және облыстық музей қызметкерлері және т.б. қатысты.

Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бой көтерген Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі жанындағы Сапар орталығы Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау мақсатында жұмыс атқарады.

Сонымен қатар Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновацияларды дамыту бағытында да қызмет атқаратын бірегей нысанға айналмақ.

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің функцияларын мәдени-ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау да жоспарланған.

Сапар орталығы музей қорына түсіп отыратын экспонаттар үшін бірінші және екінші қабаттарда экспозициялық залдарынан және музей мамандары және Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимаратын қамтиды.

Отырардағы шара «Отырар қалажұрты - Қазақстанда археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және пайдалану ісінің озық үлгісі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты.


Конференция барысында археология саласының жетістіктері, Отырар қалажұртындағы нысандардағы реставрациялық жұмыстар нәтижелері және музей қорын жасақтау, реставрациялау мен сақтауға арналған баяндамалар оқылып, мәдени инфрақұрылымды кеңейту, тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу және насихаттау жұмыстарын жүргізу, мәдени мұраларды зерттеудің толықтай жүйесін құру мәселелері талқыланды.

Жиынға келген қонақтар Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалажұртының сыртқы қақпа алдына жүргізілген абаттандыру жұмыстарымен танысты.