
29 сәуірде «Астана Опера» камералық оркестрі Viva Mozart!бағдарламасымен Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының концерт залы сахнасында өнер көрсетеді. Концертке танымал жас скрипкашы Ақбике Алғи қатысады. Оркестрге болашағынан үлкен үміт күттіретін дирижер Жандос Мұхамеди жетекшілік етеді.
Кеш шымылдығы В.А.Моцарттың «Серальден алып қашу» операсындағы увертюрамен ашылады. Айта кету керек, бұл шығарма концерт залдарында жиі шырқалады, онда ұлы композитор өмір сүрген кезеңінде кездескен шығыстық тақырыптарға жаппай еліктеушілік көрініс тапқан: мұнда үшбұрыш, дағыра, литавра секілді соқпалы аспаптар кеңінен қолданылады. В.А.Моцарттың аталған шығармалары «Астана Опера» камералық оркестрінің орындауында әркез ғажап естіледі. Жоғары кәсіби музыканттар опералық-балеттік спектакльдер мен гала-концерттердің ауқымды репертуарын орындайды, сондай-ақ жұртшылыққа таңғалдырарлық жетістікпен симфониялық бағдарламаларды ұсынып жүр. Одан әрі тыңдармандардың назарына композитордың ең танымал шығармаларының бірі – В.А.Моцарттың №40 симфониясы ұсынылады. Кешті оркестр мен скрипкаға арналған №5 концерт, ля мажор KV 219 аяқтайды.
– Моцарттың туған жері Зальцбург қаласындағы «Моцартеум» университетінде білім алып жүргендіктен, мен осынау ұлы данышпан өмір сүрген және туындыларын дүниеге әкелген атмосфера мен рухты бойыма сіңірудемін. Бұл концертті орындауда үлкен қиындық көріп тұрған жоқпын. Орындау кезінде бірнеше міндетті ойда «ұстау» маңызды: В.А.Моцарттың ғана музыкасына тән стилистика, жарқын динамика, қуаттылық пен нәзік лирика. Оның шығармашылығын әр орындаушы өзінше түсінеді, содан да аталған концерттің көптеген интерпретациялары пайда болады. Мен «өз» Моцартымды естимін, сеземін және ойнаймын. Әлбетте, уақыт ағынына қарай қалыптасқан белгілі бір қағидалар бар, оларды елемеуге болмайды. Сондықтан да В.А.Моцарт көп қырлы. Оның музыкасы – бұл орындаушы мен композитордың оңашадағы әңгімесі. Бұл жан дүниені ақтару, – деді П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты Ақбике Алғи.
Бұдан бөлек, орындаушы Еуропада концерттер мен байқаулар біртіндеп қайта жанданып жатқанын айтты. Желтоқсан айында Ақбике Алғи ҚазҰӨУ-дегі группаластарымен бірге Берлин филармониясы мен түріктің үлкен Анкара Концерт залы секілді Еуропаның үздік залдарында зор жетістікпен гастрольде болды. Зальцбургте Ақбике «Моцартеум» Үлкен концерт залында өнер көрсетті.
Айта кету керек, бұл кеште көпшілік Ақбике Алғимен берік шығармашылық достық байланыстыратын Жандос Мұхамедидің дирижерлік дарынына баға береді. Олар бірнеше мәрте Германияда КСРО Халық артисі, дирижер, скрипкашы, ұстаз Виктор Третьяковтың түрлі шеберлік сыныптарынан өткен. Сондай-ақ Паганини, Сибелиус және Чайковский атындағы үш ірі халықаралық скрипкашылар байқауының алғашқы сыйлықтарын иеленген жалғыз орындаушы саналатын кеңестік және америкалық скрипкашы Илья Калер мен басқа да көптеген классикалық музыка майталмандарынан тәлім алды.
Шығармашылық қызметте зор қарқын алып келе жатқан музыкант Жандос Мұхамеди өзінің дирижер ретіндегі алғашқы тәжірибесі Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрінде өткенін айтты. Сондай-ақ ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясымен жұмыс істеген, ал дирижер ретінде «Астана Опера» камералық оркестрімен алғаш рет өнер көрсетеді. Осыған дейін Жандос Мұхамедидің скрипкашы ретінде камералық концерттерде елордалық театрдың сахнасына талай мәрте шыққанын атап өтуіміз қажет. Ол Нина Патрушева, Тамара Карп, Раиса Мұсақожаева секілді музыка әлемінде айрықша орны бар білікті ұстаздардан терең білім алды. Қазіргі таңда оқуын Рихард Вагнер атындағы Вена консерваториясында жалғастырып жатыр.
– Дирижер – бұл өте жауапты кәсіп, меніңше, ол шығармашыл адам мен жетекшінің қырларын өзінде біріктіреді, бұл тәртіп пен мінсіз ансамбльдік дыбыстауға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алда болайын деп жатқан концерт бағдарламасы тыңдарманның қабылдауына айтарлықтай жеңіл, сонымен бірге ол орындауға әжептәуір күрделі. Ұлы Моцарттың музыкалық шығармаларының дұрыс түсіндірілуіне екпін жасау маңызды. Мен «Астана Опера» оркестрімен болатын әрбір жаттығуға мұқият әрі тынымсыз дайындаламын, – деді дирижер. – Концерт қайырымдылық түрінде өтеді, бәріміз үшін бұл осынау керемет музыканы көпшілікке өзіміз арқылы тебіреніспен әрі рухпен жеткізуге үлкен мотивация, – дейді Жандос Мұхамеди.
Ұлттық әскери-патриоттық орталығы концерт залының мекенжайы: Нұр-Сұлтан қаласы, Республика даңғылы 2. Залға кіру шақыру билеттері бойынша жүзеге асырылады, оларды «Астана Опера» театрының кассасынан алуға болады.
Концерттің басталуы 18.00-де.