Қазақстандық жас өнерпаздар Ресейде өткен ХIV Дельфий ойындарынан жеңіспен оралды

Қазақстандық жас өнерпаздар Ресейде өткен ХIV Дельфий ойындарынан жеңіспен оралды

22-26 қараша аралығында Ресей Федерациясының Мәскеу облысында Ұлттық Дельфий кеңесі және Мәскеу облысы Үкіметінің ұйымдастыруымен ТМД елдері жастарының ХIV Дельфий ойындары өтті.


Іс-шараның мақсаты – ТМД кеңістігінде интеграциялық процестерді кеңейту, жастар арасында мәдениет пен өнерді насихаттау, дарынды жастарды іздеу және қолдау, өзіндік шығармашылық орта қалыптастыру.

Қатысушылар екі жас санатында (14-18 және 18-25 жас) әртістік және шығармашылық өнер бойынша бақ сынады. Еліміздің атынан халықаралық бәсекеде Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенттері өнерлерін паш етіп, табысты оралды.

Атап айтар болсақ:
«Скрипка» номинациясы бойынша бірінші жас (14 пен 18 жас аралығы) санатында Аделя Дүйсенбай күміс, ал екінші жас санатында (18 бен 25 жас арасында) Анастасия Мартынова алтын, Сания Исабекова күміс медаль жеңіп алды.


«Фортепиано» номинациясының екінші жас санатында Әлия Жақпарова алтын, Темірлан Бейсенбай қола жүлдеге, «Академиялық ән айту» номинациясының бірінші жас санатында Әсем Киікбаева қола, екінші жас санатында Фируза Рахметова алтын жүлдеге ие болды.
«Халық әні» номинациясының екінші жас санатында Баян Жұбанова жеңімпаз атанып, бірінші орыннан көрінді.
Жалпы номинация бойынша «Болашақ» виолончелистер ансамблі екінші орын алды.

Айта кетейік, дельфий ойындары–дарынды өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін ортаға салатын кешенді жарыстар жиыны.