Қазақстанның Халық әртісі Айша Абдуллина өмірден өтті

Қазақстанның Халық әртісі Айша Абдуллина өмірден өтті

Бүгін 103 жасқа қараған шағында қазақстандық және кеңестік театр актрисасы, әнші, Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген әртісі (1942), Қазақ КСР-ның Халық әртісі (1958), Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы (2002), «Парасат ордені» және «Құрмет» орденінің, Сахнагер Ұлттық театр сыйлығының (2017), Қазақстан Республикасының Президенттік сыйлығының және стипендиясының иегері Айша Төкебайқызы Абдуллина дүние салды.

Ол 1916 жылы 22 маусымда Алматыда дүниеге келген. 1935 жылы Қазақ мемлекеттік академия драма театры жанындағы студияны бітірген.

Осы театр сахнасында Еңлік пен Алтыншаш (М.О.Әуезовтің «Еңлік — Кебегі» мен «Аққайыңында»), Мәрзия мен Дәмелі (Ғ.М.Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқтысында») рөлдерін сомдаған. Ол музыкалық спектакльдерге де қатысып, Қыз Жібек (Е.Г.Брусиловский мен Мүсіреповтің осы аттас музыка драмасында), Айман (Брусиловский мен Әуезовтың «Айман — Шолпанында») т.б. секілді сахналық бейнелерді жасады. 1944 жылы концерттік бригада құрамында майдандағы жауынгерлерге концерт берген. 1947 жылы Шымкент облыстық драма театрына ауысты. Айша Абдуллина сомдаған Дездемона (У.Шекспирдің «Отеллосында»), Мария (Н.В.Гогольдің «Ревизорында»), Галчиха (А.Н.Островскийдің «Жазықсыз жапа шеккендерінде») бейнелері де актерлік шеберліктің жарқын үлгісі болып қалды.

Қазақстан мәдениеті мен өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі үшін Айша Абдуллина көптеген марапаттарға ие болған.