Заң терминологиясын жетілдіруге арналған республикалық семинар өтті

Заң терминологиясын жетілдіруге арналған республикалық семинар өтті
 
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Заң терминологиясын жетілдіру мәселелері» атты республикалық әдістемелік семинар өткізілді.

Іс-шараның өзектілігі- заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сәйкес мемлекеттік тілде сауатты жазылуы, заң терминдерін жүйелеу, заңнамалық құжаттарды қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру бойынша қордаланған проблемаларды талқылауға негізделген.

Заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сәйкес мемлекеттік тілде сауатты даярлану мәселелерін талқылап, оны шешудің жолдарын беруді көздейтін шарада заңнама тілінің аударма тіл деңгейінен аса алмау себептері мен одан шығатын салдар баса көрсетілді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ғалым-терминолог, профессор Ш.Құрманбайұлы,  Бас прокуратураның Өтініштер және іс жүргізу басқармасындағы Бас Прокурордың аға көмекшісі – Мемлекеттік тілді дамыту тобының жетекшісі Уәли Ернұр заң салаларындағы терминдерді толықтыру және оларды біріздендіру мәселелері бойынша құнды пікірлерін ортаға салды.

Мәжіліс депутаты А.Смағұлов заң жобаларының терминологиялық бірізділігін қамтамасыз ету проблемаларына қатысты өз ұсыныстарын білдіре келіп, мемлекеттік органдар дайындаған халықаралық шарттың, заң жобасының мемлекеттік тілде сапалы дайындалуын олардың қызмет тиімділігін бағалау рейтингіне нысаналы индикатор ретінде енгізсе дұрыс болар еді деген ой тастады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы нормативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленуі, Парламентке келіп түскенше осы жобалардың орыс тіліндегі мәтіні ғана пысықталып, ал қазақ тіліндегі аударма нұсқасының назардан тыс қалуы, жалпы алғанда ұлттық заңнама тілінің, оның терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байланып қалуы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақталмауына себеп болып отырғанын баса көрсетті.

Іс-шараға заң саласының жетекші мамандары, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Премьер-Министрі Кеңсесінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік секторлардың жауапты қызметкерлері, Бас Прокуратура, Әділет министрлігі, Республикалық терминология комиссиясының мүшелері,  Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері, Заңнама институтының мамандары, Қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ-тың өкілдері, ғалымдар мен заң мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Шараның қорытындысы бойынша мемлекеттің тіл саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған Қарар қабылданды.