Қытайлық туристер Қазақстанға қызығушылық танытып отыр

Қытайлық туристер Қазақстанға қызығушылық танытып отыр

 

Қазақстанның 9 туристік компаниясы қытайлық 500-ден астам компаниямен кездесу өткізді. Олар Қазақстан аумағында, оның ішінде Ұлы Жібек Жолы бойында трансшекаралық тур бағыттарын ұсынып отыр.

Аталған туристік бағыттардың барлығы 15-17-қараша аралығында Қытайдың Куньмин қаласында өткен China International Travel Mart 2019 (CITM- 2019) халықаралық көрмесінде таныстырылды.

«Kazakh Tourism» компаниясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің қолдауымен биыл Қытай жерінде ұйымдастырылған үшінші салалық көрмеге қатысып, стендтерді отандық компанияларға тегін ұсынды. 

Жалпы, биылғы CITM көрмесіне әлемнің  75 елінен  3800-ден астам экспонент қатысты. Үш күнге созылған жиында қазақстандық тарап туристік көрмелердің ұйымдастырушылары, туризм саласындағы беделді ұйымдар және ҚХР нарығындағы жарнаманың цифрлік технологиясымен қамтамасыз ететін компаниялармен байланыс орнатты.

Биылғы ұлттық стенд «Meet QASAQs» тұжырымдамасына сәйкес безендіріліп,  ауқымы 30-50 шаршы метрден 100 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде, қазақстандық тур бизнес өкілдерінің стендтерін еркін орналастырып,  мәдени бағдарлама ұйымдастыруға қолайлы жағдай туғызды.

Жалпы, көрме кезінде «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Гонконгтің  TKS Exhibition Services LTD, сонымен қатар, ҚХР Туризм және мәдениет министрлігі жанынан құрылған Sunny Communications ұйымымен меморандумдарға қол қойды. Аталған келісімдерге сәйкес, қазақстандық тарап алдағы уақытта ITE және CITM сынды Қытайдың ірі салалық көрмелеріне қатысады. Сондай-ақ, ұлттық компания қытайлық Lavender Media China компаниясымен тур өнімдерді нарықта ілгерілету және кросс-маркетинг сынды бірлескен жұмыстарды атқару бойынша келісімге қол қойды.  

Айта кетейік, салалық көрмелер жаңа тур бағыттарды сәтті ілгерілетуде 35% үлес қосады. Цифрлық технологияларды қолдану тиімділігі жоғары.  Бұдан бөлек, ұлттық компания Қытай елінде түрлі роуд-шоу, пресс- және блогтурларды ұйымдастырады. Қытайдан келетін туристер легін ұлғайту үшін, жыл аяғына дейін Қазақстан  тәулігіне орта есеппен 1 млрд адам тіркелген қытайлық WeChat және Weibo аккаунтарын ашуды жоспарлап отыр. Келесі жылы ұлттық компания  мақсатты топқа бағытталған белсенді жарнаманы іске қоспақшы. 

Біздің анықтама:

Қытайдың 140 млн тұрғыны жылда шетелге саяхаттап шығады.  Қазақстанға 2018 жылы небәрі 51 418 қытай туристі келген. Салыстырмалы түрде қарастырсақ,  Чехияға 600 мың Қытай азаматы сапарлаған, Ресейге 1,3 млн. турист барған, Францияға ұшатындар саны 2 млн., ал Италияға қатынайтындар саны 5 млн-ға жеткен.