
«Қоғамдық мәдениет әлеуметтік және қала өзгерісінің қозғаушы күші» атты сессияға қатысқан министр еліміздегі мәдениет саласының маңызды бағыттары мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Президент Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауы аясындағы аталған сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Сонымен қатар, Ақтоты Рахметоллақызы елімізде БҰҰ-ның тұжырымдамасына сай туризмді дамыту, рухани құндылықтарды насихаттау және тарихи ескерткіштерді қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар туралы айтты.
Сөз соңында Ақтоты Райымқұлова ЮНЕСКО-ға мүше елдерді ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында өтетін мәдени, ғылыми-танымдық іс-шараларға белсене қатысуға шақырды.
ЮНЕСКО атқарушы директоры Одрэ Азулемен кездесу барысында министр Қазақстан мен ұйым арасындағы мәдениет және спорт саласындағы маңызды мәселелер мен әріптестік ретін талқылады. Келіссөз барысында жақында ғана Алматыда құрылатын Халықаралық мәдени байланыстар орталығының алғашқы жобасы мен Түркістан қаласының даму жоспарымен бөлісті. Министр түркі әлемінің орталығы саналатын Түркістанды дамыту мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау ең жоғары халықаралық талаптарға сай жүргізілетінін атап өтті.
Сондай-ақ, Ақтоты Райымқұлова форум аясында өткізілген бірнеше іс-шараға қатысты. Соның ішінде министрдің қатысуымен өткен «Индиго бояуының ізімен» атты халықаралық көрмеде Айжан Бекқұлова мен Тамара Кәпқызының киіз басу өнері кеңінен таныстырылды.
Біздің анықтама:
Қазақстан БҰҰ-на мүшелікке 1992 жылы 22 мамырда қабылданды. ЮНЕСКО - Біріккен Ұлттар Ұйымында мәдениет, білім және ғылым мәселелерімен айналысатын бағынысты мекеме. Қазір елімізде аталған ұйым аясында 5 кафедра, 31 ассоциациялық мектеп пен 50 клуб жұмыс істейді. Ал «Әлемдік ескерткіш» құжатына елімізден 3 ескерткіш, дүниежүзілік құндылықтар қатарына - 5, рухани-мәдени құндылықтар ретінде -10, күнтізбелік мереке қатарына -21 іс-шара енген. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас ассамблеясы 2013-2022 жылдарды халықаралық мәдени байланыстарды дамытудың 10 жылдығы деп атаған. Ал, осы аралыққа жауапты мекеме -ЮНЕСКО.