
Бүгін Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі ғимаратында Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған «Қазақ кино апталығы» кинофестивалі аясында «Қазақстан мен Ресейдің кино өндірісі мен кинопрокат саласындағы ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Елшіліктің баспасөз қызметі.
Оған Қазақстан мен Ресей киноиндустриясының танымал өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың арнайы мамандары қатысты.
Кездесу басында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Арман Асенов Қазақстанда құқықтық мәселелерді реттейтін Кинематография туралы Заң шыққанын тілге тиек етті. Бұл заң рибейт, мемлекеттік субсидиялар, сондай-ақ өндіріс жүргізуге байланысты басқа да мәселелер бойынша үмітті ақтайтынын айтты. А.Асенов «Қазақфильм» киностудиясы өндірістік бөлімді қайта жабдықтаумен айналысып жатқанын және жақын арада халықаралық түсіру топтарын қабылдауға дайын болатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында «Қазақфильм» киностудиясының аумағында арнайы экономикалық аймақ құру жоспарлануда, бұл өндіріс құнын азайтуға және кино саласын инвестициялауды тартымды етуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық дөңгелек үстелге қатысушылар елімізде кең ауқымды кино түсіруге барлық мүмкіндіктер: бірегей ландшафт, қолайлы ауа райы, қажетті инфрақұрылым, салыстырмалы түрде арзан жұмыс күші барын нақтылады.
Қазақстанның ұлттық киносын қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Гүлнар Сәрсенова екі ел үшін шағын қалаларды кинофикациялау мәселесін алға тартты. «Коөндіріс екі елге де тиімді шешімдердің бірі бола алады», деді ол.
«Союзмультфильм» студиясының директоры Борис Машковцев «Союзмультфильм» аумағында құрылған 800 шаршы метр алаңда сынақ режимінде жұмыс істейтінін технопарк туралы айтты. Қазақстандық тарап бірлескен күш-жігермен анимациялық өнімді өндіруге қызығушылық танытты.
Дөңгелек үстелде продюсер және актриса Линда Нигматуллина кадр мәселесін көтерді. Екі елдің киноиндустрия алыптарын шағын жобалар мен жаңа есім продюсерлерді қолдауға шақырды.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе қатысушылар жақын арада осынау кездесудің нәтижесі ретінде жаңа және қызықты, ең бастысы кәсіби бірлескен жобалар дүниеге келетініне сенім білдірді.