
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мемлекеттік тапсырыс аясында тегін тренингтер ұйымдастыруды қолға алды. Еліміздің экскурсия жүргізуші-гидтерінің кәсіби біліктілігін жоғарылату мақсатында этика және гидтердің өзін-өзі ұстау мәдениеті, топтық психология, дағдарыс жағдайында қабылданатын шұғыл шешімдер және т.б. турбизнес өкілдері үшін маңызды тақырыптарға арналған тегін оқыту курстары Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтеді.
Біліктілікті жоғарылатуға арналған тренингтерді қазақстандық және шетелдік мамандар, оның ішінде Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) мамандары жүргізеді.
Экскурсия жүргізуші-гидтерге арналған тренингтердің алғашқы легі қарашаның 17-23 күндері Алматы қаласында өткізіледі. Қазақстандық туроператорларға арналған дәрістер Елордада қарашаның 25-27 қараша аралығында ұйымдастырылады. Сондай-ақ, туроператорлар мен қонақүй бизнесінің өкілдері де осы күндері өткізілетін тренингтерге тегін қатыса алады.
Тренингтерден өткен әрбір қатысушыға шара соңында арнайы сертификаттар табысталады. Бір апталық оқыту курсынан өткен экскурсия жүргізуші-гидтер Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясы (WFTGA) атынан арнайы сертификатқа ие болады.