
ҚР Мәдениет және спорт Вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Түркия Республикасының Бурса қаласында өткен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Тұрақты Кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысты.
Нұрғиса Дәуешов Түркия Республикасын Бурса қаласын Түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялауымен құттықтап, қаланың бай тарихы, рухани және мәдени мұрасы елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Нұрғиса Дәуешовтің айтуынша, ТҮРКСОЙ бауырлас халықтар арасындағы байланыстарды нығайтуға әрдайым ықпал еткен, ұйымның тікелей қатысуымен және қолдауымен бірқатар халықаралық фестивальдер, конкурстар, концерттер, көрмелер, атаулы күндерді мерекелеу және түркітілдес елдерде басқа да іс-шаралар өткізіліп келеді.
Мысалы, ТҮРКСОЙ 2020 жылды қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы жылы деп жариялады, 2021 жылы ТҮРКСОЙ қолдауымен Алматының кітапхана қоры түркі әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің кітаптарымен толықтырылды, Алматыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Түркия Республикасының 98 жылдығына арналған түрік киносының апталығы өткізілді. 2021 жылдың қарашасында Стамбұлда өткен тұңғыш «Қорқыт Ата түркі әлемі» кинофестивалі түркітілдес елдердің кинематографистері арасында байланыс орнатудың тиімді алаңына айналғаны анық.
Вице-министр Қазақстандағы кинематографияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, субсидияларды шетелдік заңды тұлғаға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беру мүмкіндігі қарастырылған.
«Бұл киноөндіріс саласындағы мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тағы бір бағыты болуы мүмкін деп ойлаймын. Сонымен қатар, бірлескен фильмдер түсіру үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған»,-деді ол.
Нұрғиса Дәуешов ТҮРКСОЙ-ға қатысушы елдердің кинематографистерін 1-6 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне қатысуға шақырды.
Осы іс-шара аясында Нұрғиса Дәуешов бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұловпен және Өзбекстанның мәдениет министрінің орынбасары Муроджон Маджитовпен кездесті.