
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-сокпен кездесті.
Әңгімелесу барысында Дәурен Абаев биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырғанын айтты. Осы жылдар ішінде Корея Республикасы Қазақстанның сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық салалардағы негізгі әріптестерінің бірі саналады. Елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар жыл сайын нығайып келеді. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың тамыз айында Корея Республикасына жасаған сапары осы берік және достық қарым-қатынастардың дәлелі, сапар аясында 30-дан астам келісімге қол қойылған болатын.
Тараптар мәдени-гуманитарлық қатынастарды одан әрі дамытуға жаңа ынталандырушы күш болатын мәдени алмасу жылын өткізуге ерекше назар аударды. Осы бағыт шеңберінде Кореяда Қазақстанның кино күндерін, елімізде корей мәдениетінің фестивалін, классикалық музыка түндерін, киноиндустрия форумын, сондай-ақ Қазақстандағы корей қолөнерінің көрмесін қамтитын іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Сонымен қатар министр креативті экономика саласындағы ынтымақтастық, K-Pop индустриясын дамыту тәжірибесін зерделеу және т. б. мәселелерге тоқталды.
Дәурен Абаев Елшіні мәдениет, кинематография, туризм және спорт салаларындағы ағымдағы жобалардың іске асырылуы туралы хабардар етті. Министр корей тарапын «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне, қазақ күресінен «Әлем барысы» турниріне және Қазақстан аумағында өткізілетін басқа да іс-шараларға қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Корея Республикасы Мәдениет, туризм және спорт министрлігі арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесін қарау ұсынылды.
Өз кезегінде Ку Хонг-сок екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастардың әлеуетін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылығын танытты.
«Бүгінгі таңда біздің елдеріміз арасында уақыт сынынан өткен тығыз қарым-қатынас орнаған. Біз мәдени-гуманитарлық салаларды қоса алғанда, көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық жүргіземіз. Өзара іс-қимыл арналарын кеңейту үшін Нұр - Сұлтан мен Сеул арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу, сондай-ақ Пусанда Қазақстанның Бас консулдығын ашу мәселесі пысықталып жатыр», - деді Ку Хонг-сок.