
Италияда фристайл-могулдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының соңғы күнінде паралельді могулдан жекелей сындағы жарыстар өтті. Бұл сында ел намысын қорғаған 16 жастағы спортшымыз Анастасия Городко қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың алтын жүлдесін жеңіп алды. Екінші орынды АҚШ өкілі Елизабет Лемели иеленсе, қола жүлде де америкалық Алли Макугаға бұйырды.
Бейжің Олимпиадасына қатысушысы Анастасия Городко аталмыш чемпионатта бұған дейін қос күміс жүлдені иеленген болатын. Алғашында жекелей сында спортшымыз бір күміс жүлдені қанжығасына байласа, ал аралас командалар арасында паралельді могулде отандасымыз Федор Бугаковпен бірге екінші орынға табан тіріп, тағы бір күміс жүлдеге қол жеткізді.
«Жарыс оңайға соқпады. Қатысушылар арасында Әлем Кубогінде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген қыздар да болды. Кейбір сәттерде барлығы біз ойлағандай болмады. Енді алдағы уақытта қандай қателіктермен жұмыс істеу керектігін білетін боламыз. Дегенмен үш санатта да, яғни жекелей могул, аралас және командалық могулда жүлде алғанымыз үшін өте қуаныштымын. Жоғары деңгейдегі дайындығымызды көрсете алдық деген ойдамын»- деді Анастасия.