Алматының мәдениет нысандарының басшылары өзекті мәселелер мен шығармашылық жоспарлары туралы айтып берді

Алматының  мәдениет нысандарының басшылары өзекті мәселелер мен шығармашылық жоспарлары туралы айтып берді

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматыдағы министрлікке бағынысты бірқатар мәдениет нысандарын аралады.

Таныстыру кездесулері шеңберінде министрлік басшысына мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы, репертуары және басқа да өзекті мәселелер туралы ақпарат берілді.

Дәурен Абаев шығармашылық ұжымдармен әңгімелесіп, атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры Мақсат Закиров ансамбль репертуарында 150-ден астам би бар екенін, сонымен қатар ұжым жыл сайын көрерменге жаңа қойылымдар ұсынып, репертуарын ұлттық билермен және әлем халықтарының билерімен толықтыратынын айтты. Сонымен қатар, гастрольдік қызмет те белсенді жүргізіліп келеді. Мысалы, 2020 жылдың ақпан айында ансамбль Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында Ресей Федерациясының Омбы қаласында 2 концерттік бағдарлама көрсетті. Алайда, қазіргі уақытта ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, реквизиттерді жаңарту қажет.

Келесі нысан республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры болды. Оның директоры Елена Кимнің айтуынша, театрда 96 адам жұмыс істейді, репертуарда – 32 спектакль, 2022 жылы шығуға 2 жаңа қойылым жоспарланған.

Министр Ахмет жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатына,  Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатына да барды.

«Мектеп-интернат-бұл әсіресе шығармашылық мамандықтарға қатысты іргелі білім беру тәжірибесі. Мұндай интернаттардың түлектері шынымен де мәдениет пен өнердің көрнекті тұлғалары болады. Мұнда жан-жақты даму жүреді, маңызды дағдылар қалыптасады, шынайы шығармашылық атмосфера орнайды. Дегенмен мұндай оқу орындарының басшылығы талантты балаларды үнемі іздеумен айналысып, өңірлерге, шалғай ауылдарға баруы маңызды. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жақын арада осы мектеп-интернат қабырғасынан тума таланттардың шығатынына сенімдімін», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, министр «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейінің ұжымымен кездесті. Қазіргі уақытта орталық тұрақты мәдени даму саласындағы кең ауқымды мәселелер бойынша ғалымдар мен сарапшылардың мәдениетаралық диалогын үйлестіруді және жандандыруды жүзеге асырып отыр. Орталық Азия аумағында тұратын халықтар мәдениеттерінің өркендеп дамып, өмір сүруі мен өзара байытылуының көпғасырлық тәжірибесін зерделеу және сақтау бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.

«Болып жатқан оқиғалар аясында орталықтың өзектілігі күрт артады. Сіздердің қызметтеріңіз бүкіл әлемге Мәдениеттер мен халықтардың жақындасуына диалог арқылы ғана қол жеткізуге болатындығын дәлелдеп отыр. Мен сіздердің жобаларыңыз бен бастамаларыңыз жақын арада оң әсер ететініне шын жүректен сенемін», - деді министр.

Дәурен Абаев орталықтың тұсаукесерін Парижде өткізу ниетін қолдап, жоспарланған іс-шараларға қатысуға дайын екенін білдірді.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында мәдениеттерді жақындастыру орталығы филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Іссапар соңына қарай мәдениет және спорт министрі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының артистері ұйымдастырған концертті тамашалады.