Министрлік Батырхан Шөкенов атындағы қордың жобаларына қолдау көрсетуге әзір

Министрлік Батырхан Шөкенов атындағы қордың жобаларына қолдау көрсетуге әзір

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сенбі күні Батырхан Шөкенов атындағы қорға барды. Сапар аясында министр  қор жобаларын қолдауға дайын екенін білдірді.

Батырхан Шөкенов атындағы қор қазақстандық мәдени ортаны дамытумен айналысады және негізінен қазіргі заманғы музыка саласындағы академиялық және эксперименттік жобаларды жүзеге асырады.

Қор басшысы Наргиз Шөкенова осы жылы іске асырылып жатқан жобалар: batyrlab музыкалық резиденциясы, флейта академиясы, Қазақстан музыкасының тарихы туралы подкаст және басқа да бірқатар білім беруге бағытталған бастамалары туралы айтып берді. Сонымен қатар ол жергілікті шығармашылық ортаны дамытуға арналған идеяларымен бөлісті.

Өз кезегінде министр қор жобаларына институционалдық және әкімшілік тұрғыда қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Дәурен Абаев қордың күшімен өткізілетін халықаралық флейта академиясына баруға қызығушылық танытты.

Академия 2-6 сәуір аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Қазақстан, Германия және Ресейдің жетекші педагогтары: Эдуардо Белмар, Ержан Құшанов және Ирина Стачинскаяның практикалық шеберлік сабақтарын өткізеді.

Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 12 қатысушы орындаушылық шеберлік, музыкалық менеджмент және халықаралық деңгейде ілгерілетуге арналған жеке шеберлік дәрістерін тыңдайды.