«Көненің көзі» көрмесінің ашылу салтанаты өтті

«Көненің көзі» көрмесінің ашылу салтанаты өтті

Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Көненің көзі» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Өткен ғасыр тарихынан сыр шертетін көрмеде ісмер шеберлер мен өнерлі ұсталардың қолынан шыққан құрсаулы кесе, шыныаяққап, күмістен соғылған зергерлік бұйымдарға, айбалта, шоқпар сияқты қару-жарақтарға, үш ішекті домбыра, асатаяқ, дауылпаз сияқты қазақтың музыкалық мұрасын әлемге танытқан аспаптарға, сүйекпен әшекейленген сандық, кіршомбал, тұмарша, бойтұмар, тоғызқұмалақ және тағы басқа тұрмыстық заттарға орын берілген.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 1885 жылы Н.И.Долгополов арқылы тарихи-өлкетану музейіне өткізген тарихи жәдігерлері, Абайдың інісі әрі шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлының үлгісіндегі кимешек және ою-өрнек, одан бөлек Абайдың айналасына қатысты және этнографиялық маңызға ие жәдігерлер жинақталған түрде алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Аталған көрменің ашылуына қатысқан Семей қаласының зиялы қауым өкілдері мен мәдениет және өнер ошақтарының қызметкерлері, студенттер мен оқушылар, әдебиет пен өнерге қызығушылық танытқан жасөспірімдер қалалық мәдениет Сарайының әншісі Б.Сләмқұловтың орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тыңдап, шежіреші ақсақалдардың рухани-танымдық әңгімесіне құлақ түрді.