
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов бастаған қазақстандық делегация WADA ұйымының бас директоры Оливьер Ниггле және WADA –ның Азия өңіріндегі кеңсесінің басшысы Казухиро Хайашимен кездесті. Кездесу спорттағы допинг мәселелеріне арналған V Дүниежүзілік Допингке қарсы конференция аясында өтті. Қазақстандық тарап допингпен қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін арттыру сұрақтарын қамтитын заң жобасы туралы кеңінен айтып берді. Өз кезегінде, Ниггле мырза Қазақстан Үкіметінің аталған бағытта қолға алып жатқан реформаларын жоғары бағалап, болашақта допингпен күрес мәселесінде ынтымақтастықтың нығаятынына сенім білдірді.
Елімізде дене шынықтыру және спортқа қатысты заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, ҚР Парламенті Сенатының қарауына жіберілген болатын.
Өз кезегінде, Казухиро Хайаши допинг-сынамалардың сақталу жүйесінің реформаланып жатқанын айта кетті.
«Олимпиадаға дейін алынған допинг сынамалар болашақта 10 жыл сақталады. Бұл допинг-сынамаларды сақтау мен оларды қайтадан сараптамадан өткізудің жаһандық бағдарламасы болмақ»,-деді Хайаши.
Сонымен қатар, қос тарап допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттардың қайта қаралу процесін талқылады. Жаңа халықаралық стандартқа сүйенсек, қандай да бір елдің допингке қарсы агенттігі халықаралық кодекске сай келмейтін болса, сол елдің спортшысы жарыстан шеттетіледі, оның қатарында Олимпиада да бар.
2017 жылдың желтоқсанында WADA ұйымы допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттарды қайта қарау процесін бастаған болатын. Содан бері 2000 түзету өңделіп, өзгеріске ұшыраған құжатты әлемдік заңгерлер сараптаудан өткізген. 2017 жылдан бері қаралып келе жатқан өзгерістер Польшадаға конференцияның да басты тақырыптарының бірі болмақ.
Айта кетейік, 5 қарашада Польшаның Катовице қаласында спорттағы допинг мәселелеріне арналған V Дүниежүзілік Допингке қарсы конференция басталған болатын. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – допингпен күрес мәселесі. Сондай-ақ, конференция барысында Польшаның спорт және туризм министрі Витольд Банька Дүниежүзілік Допингке қарсы Агенттіктің (WADA) басшылығына тағайындалады.