
4-8 қараша аралығында Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Жастар жылы» аясында «Shabyt-Inspiration» XXII халықаралық скрипкашылар байқауы өтеді.
Байқаудың мақсаты – елімізде классикалық музыканы насихаттау, дарынды музыканттарды анықтап, кәсіби шеберлігін жетілдіру және ынталандыру, Қазақстанның мәдени имиджін арттыру.
Байқауға 16-30 жас аралығындағы өнерпаздар қатысады. Жеңімпаздарды анықтау 3 кезеңнен тұрады.
Биыл скрипкашылардың өнерін ҚР Халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева, Грац музыка және театр университетінің доценті Эрнест Хетцл, М.М. Ипполитова-Иванова атындағы Ресей мемлекеттік музыка-педагогикалық институтының ректоры, профессор, Валерий Ворона, «Viotti Festival» арт-директоры Гвидо Римонда, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, мәдениет қайраткері Серік Сырлыбаев сынды халықаралық деңгейде мойындалған мамандар бағалайды.
Байқау шартына сәйкес қатысушылар көрермендердің алдында классикалық музыканың жауһарларына айналған – И.С.Бах, В.А. Моцарт, Н. Паганини, Г. Венявский, Ф. Мендельсон, П. Чайковский, С. Прокофьев, Я. Сибелиус шығармаларын орындайды.
Бас жүлде иегері «Шабыт» медалі мен 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық алса, 1-ші, 2-ші және 3-орын алған музыканттарға тиісінше 300 000, 200 000 және 100 000 теңгенің сертификаты табысталады.
7 қарашада «Қазақстан» ОКЗ-да қазылар алқасы мен М. Киргхофф жетекшілігімен «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі университет орындаушыларымен өнер көрсетеді. Ал байқау 8 қарашада гала-концертпен аяқталады.