
1-2 қарашада «Астана Балет» Театрының Павлодардағы гастролі зор қошеметпен өткен болатын. Естай атындағы Мәдениет сарайының сахнасында астаналық ұжым неоклассикалық бағыттағы үш бір актілі балеттен тұратын арнайы бағдарламаны ұсынды: Джордж Баланчиннің әлемге әйгілі «Серенадасы», сонымен бірге, театрдың шақырылған хореографы Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» және «A Fuego Lento» атты екі туындысы.
«Астана Балет» Театрының бас балетмейстері Мукарам Авахридің айтуынша, гастрольдік бағдарламаны әзірлегенде осыдан үш жыл бұрынғы Павлодарлық гастроль бағдарламасы, сахнаның техникалық мүмкіндігі ескеріліп, ең бастысы, жалпы осы би кешінің идеясы мен айтар ойына жіті мән берілді.
«Егер, классикалық мұраның ішінде «Аққу көлі» шамшырақ іспетті болса, неоклассикалық хореографияда заңғар биікте тұрған, сөз жоқ, Баланчин спектакльдері. Чайковский музыкасы, көз тоймас хореографиялық өрнектер, би иірімдері – осының арқасында «Серенада» санаңызды сергітіп, таным көкжиегін кеңейтіп, нағыз рухани азық боларлық туынды. Оның үстіне, бұл спектакль екі ғажайып құрамда қойылады. Әртістердің кәсіби деңгейі өте жоғары. Олар еуропалық сахналарды бағындырып жүрген һас өнерпаздар» - дейді, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри.
Кештің екінші бөлімінде бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің - «Love Fear Loss» (Махаббат Үрей Айырылу) және «A Fuego Lento» (Баяу жалын) туындылары көрсетілді. Көрермен қауым әртістердің техникалық шеберлігі мен көңіл тебірентер эмоциялық күш-қуатына тәнті болды. Екі күн бойы көрермен залында ине шаншыр орын қалмады.
«Бұл ғажап! Әртістердің шеберлігі, мені тәнті етті. Олар сахнада қалықтап ұшқан тәрізді көрінді. Бишілердің әр қимылы эмоциялық сезім құйынынан жаралғандай әсер етті», - дейді, Арман Жұмағалиев есімді көрермен.
Ал, Ассоль Муфасалинова есімді көрермен: «Сөзбен айтып жеткізгісіз: эмоциям тасып барады, бәрі әсем әрі көркем! Біздің ойлағанымыздан да асып түсті! Павлодар тұрғыдары үшін осындай думанды кеш сыйлағаны үшін, әртістерге мың алғыс. «Астана Балет» гастрольдері жыл сайынғы дәстүрге айналар деген үмітіміз бар» - деген тілегін жеткізді.
Айта кетейік, желтоқсан айында «Астана Балет» жаңа премьераны ұсынатын болады. Ол – ХІХ-ХХІ ғасыр композиторларының музыкасына қойылған екі актілі «Күлше қыз» балеті. Балеттің қоюшы-хореографы - ресейлік балетмейстер Надежда Калинина.