Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты бірқатар ұйымдардың басшылары тағайындалды

Мәдениет және спорт министрлігіне  бағынысты бірқатар ұйымдардың басшылары тағайындалды

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев министрлікке бағынысты бірқатар ұйымдардың басшыларын тағайындады.

Рашида Харипова  «Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұражайы» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды. Рашида Харипова 1975 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін және Алматыдағы Халық шаруашылыығы университетін бітірген. Музей ісі саласында тәжірибесі бар. 2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметін атқарып келді.

Фатима Жұмағұлова «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды. Фатима Жұмағұлова 1965 жылы Қырғыз Республикасында дүниеге келген. 1991 жылы И.Франко атындағы Житомир мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдары «Қазақфильм» АҚ, «Мемлекеттік академиялық би театры» РМҚК қызмет істеген. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі» РМҚК директорының орынбасары болды.

Елена Ким «Республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды. Елена Ким 1978 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. 2014 жылдан бастап «Республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры» РМҚК бас режиссері, 2022 жылдың қаңтарынан бастап, тағайындалғанға дейін театрдың көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.

Тайыр Қаратаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды. Тайыр Қаратаев 1989 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Әр жылдары гастрольдік-концерттік қызметтің басшысы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары болған, мәдениет ұйымдарында әр түрлі қызметтер атқарған.

Мәулен Садықбеков «Әзірет Сұлтан» мемлкеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК директоры қызметіне тағайындалды. Мәулен Садықбеков 1970 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1997 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих факультетін бітірген. Әр жылдары «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры және директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

«Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік Республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры» РМҚК директорының міндетін атқарушы болып Дилмұрат Бахаров тағайындалды.  Ділмұрат Бахаров 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2000 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1999 жылдан бастап «Дервиши» тобының музыкалық және көркемдік жетекшісі, солисі, композиторы, аранжировщигі және продюсері.