Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Қазақ ұлттық өнер академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Қазақ ұлттық өнер академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бүгін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.  Киноорталық тарапынан құжатқа Басқарма Төрағасы Есетжан Қосыбаев, ал Академия тарапынан – ректор Азамат Сатыбалды қол қойды.  

Меморандумда айқындалған басты мақсат: кино саласындағы жас мамандарды қолдау, профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру бойынша саясатты әзірлеу және іске асыру, сондай-ақ бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау барысында тағылымдамаларды ұйымдастыру саласында бірлескен жобаларды іске асыру.  Ендігі жерде Киноорталық ең дарынды студенттермен шығарылатын киножобаларды қаржыландыруға қатысады.  

«Жастар – біздің болашағымыз. Халықаралық фестивальдерде біздің жастар үнемі сыйлықтарға ие болып, жақсы нәтижелер көрсетеді, – деп атап өтті Е. Қосыбаев. – Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бұл елдің имиджі, оның беделі. Әрине, талантты жастарды біз әрқашан қолдаймыз. Биыл егер қаражат бөлінетін болса, Академиядан бастаймыз».

Т. Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры да өз әсерімен бөлісті.   

«Бұл деген біз үшін, біздің академия үшін және академияның студенттері үшін үлкен қолдау,– деді А. Сатыбалды.– Диплом жұмысы шынымен де керемет болатын болса, ол мемлекет тарапынан қолдау алып, мемлекеттің қаржысына өз киносын түсіреді. Бұл талантты студенттерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан ең алғашқы қолдау».

Қол қою рәсімінің қорытынды бөлімінде Академия магистранты Самғар Рақым түсірген «Көше ақыны» қысқаметражды картинасы көрсетілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҰКҚМО қолдауымен шығарылған бұл фильм жақында Нью-Йорктегі MeihodoInternationalYouthVisualMediaFestival халықаралық кинофестивалінде күміс жүлдеге ие болған, ал оған дейін Baiqonyr фестивалінің «Үздік монтаж» номинациясының лауреаты атанған.