Елордада Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті

Елордада Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті

1 наурызда Qazaqstan Орталық концерт залында қазақтың белгілі әншісі Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған салтанатты концерт өткізілді.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Қазақконцерттің» аты аңызға айналған солисті Р.Бағланова халқымыздың мақтанышы екенін және ұлттық мәдениет тарихында сахна ханшайымы ретінде мәңгілік есте қалатынын атап айтты.

«Роза Бағланованың 100 жылдығы баршамызға ортақ мереке. Біз оны дәстүрлі түрде қазақ музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға ретінде құрметтейміз. Өзінің сахналық өнер мектебінің негізін қалаушы Роза Бағланова үлкен құрметке лайық. Танымал әншіміз қазақтың халық әндерін, әлем халықтарының әндерін шебер орындап, қалың жұртшылықтың жүрегіне жол таба білді. Әншінің репертуарында халық әндері «Жайдарман», «Қара торғай», «Айнамкөз» т.б. Сондай-ақ қазақ композиторларының «Ақкөгершін», «Ақмаңдайлым», «Қайықта», «Маржан қыз», «Айналайын», «Асыл арман» сияқты әндерін алғаш Роза Бағланова орындап, ашты», - деді министр.

Сондай-ақ  Д.Абаев Роза Бағланованың еңбегі елде ғана емес, бүкіл әлемде мойындалғанын баса айтты.

«Роза Бағланова – атақты әнші ғана емес, халық қаһарманы. Азаматтық ұстанымы берік қоғам қайраткері. Жас кезінде ол соғысты бастан өткеріп, майдан шебінде концерт берді. Ол шайқас даласындағы әндерімен жауынгерлерді шабыттандырды. Ол депутат ретінде Семей ядролық полигонын жабуды биік мінберлерде айтты. Арал тағдырына бей-жай қараған жоқ. Желтоқсан оқиғасы кезінде азаматтық ұстанымын ашық айтты. Ол халық жағында болды», - деп атап өтті басқарма басшысы.

«Ол жанқиярлық еңбегі үшін бүкіл халықтық құрметке ие болды, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның есімін ардақтауға ерекше көңіл бөлуді және ұлы әншінің есімін мәңгі қалдыру шараларын қабылдауды тапсырды. Осыған орай, өткен жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның 2022-23 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Роза Бағланованың 100 жылдығы енгізілді. Бұл мерекелік кеш осы үлкен мерекенің басы болмақ. Іс-шаралардың толық тізімі тек елде ғана емес, әлемнің ірі қалаларында да жалғасын табады. Сахнаға жарты ғасыр берген Роза Бағланованың баға жетпес еңбегі ел жадында мәңгі сақталады. Оның әуезді әндері қазақ тілінде естіліп келеді. Көктемнің алғашқы күні осы салтанатты концертпен басталғанына қуаныштымыз», - деп түйіндеді сөзін Д.Абаев.

Концерттік бағдарламаға Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тамара Асар, Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексен, Айгүл Қосанова, Александр Беляков, халықаралық байқаулардың лауреаттары Рухия Байдүкенова, Әміре және т.б. өнерпаздар бой көрсетті.

Сол күні Qazaqstan Орталық концерт залында Р.Бағлановаға арналған көрменің ашылуы, сондай-ақ мерейтойға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Сонымен қатар әншінің эксклюзивті мүсіні салтанатты түрде ұсынылды.

Баспасөз мәслихатына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, «Қазақконцерт» атындағы мемлекеттік концерттік бірлестігінің директоры, Р.Бағланова Жеңіс Сейдуллаұлы, сондай-ақ Роза Бағланованың ұлы –  Тәжен Сатыпалдыұлы Бағланов қатысты.