Министрліктің спорт пен дене шынықтыруды дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

Министрліктің спорт пен дене шынықтыруды дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісі  өтті

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Е.Тоғжанов федерациялармен әр олимпиадалық циклге меморандумдарға қол қою тәжірибесін енгізуді тапсырды, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру және сертификаттау институтын құру қажеттігіне назар аударып, Үкіметтің бұқаралық спортты дамытуға көзқарасын баяндады.

Өз кезегінде, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев министрліктің 2021 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары туралы қысқаша есеп жасап, осы жылға арналған негізгі міндеттер шеңберін белгіледі.
Бірінші кезектегі басым бағыт ретінде бүкіл ел бойынша спорттық инфрақұрылымды салу және қайта құру айтылды. Д.Абаевтың айтуынша, аталған бағытты жүзеге асыру үшін министрлік әкімдіктермен бірлесіп спорттық инфрақұрылымды дамытудың жоспар-кестесінің жобасын әзірледі. Құжат аясында 114 жаңа нысанның құрылысы, 21 нысанды қайта құру және жаңғырту, 6 ірі нысанды жабдықтау жоспарланған.

«Екінші міндет – бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік спорттық тапсырысты жетілдіру. Негізгі мақсат – мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерді спорт секцияларында қолжетімді дене шынықтырумен және спортпен 100% қамту», - деп атап өтті министр.

Осы бағытты іске асыру үшін мемлекет сондай-ақ:
- әр ауылдық округте спорт нұсқаушысы лауазымын енгізу;
- тірек ауылдарды қамтумен балалар-жасөспірімдер (БЖК) және балалар-жастар дене дайындығы клубтарының (БЖКФҚ) санын 1000-ға дейін арттыру;
- спорт кешендерінде ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға спортпен айналысу үшін жағдайлар жасау;
- мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорт түрлері бойынша республикалық жарыстар өткізу.
Министр үшінші басымдық ретінде жаттықтырушыларды, төрешілерді және спорт ардагерлерін әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету қажеттігін атады.

«Спорт түрлері бойынша жоғары білікті жаттықтырушылардың жетіспеушілігі олардың еңбегіне ақы төлеуге тікелей байланысты. Жаттықтырушылардың зейнеткерлік жасқа жақын болуы және зейнеткерлік жасқа жетуі салдарынан елеулі кадрлардың жетіспеушілігіне соқтыруда. Осыған байланысты Үкіметке дайындықтың бастапқы кезеңдерінде жаттықтырушылардың жалақысын арттыру бойынша ұсыныстар енгізіліп, оларды материалдық ынталандыру мәселесі пысықталады», - деді Д.Абаев.

Спорт төрешілерін ынталандыру мәселесі де өзекті тақырыптардың қатарында. Бүгінгі таңда ел бойынша 4 276 төрешілердің 413-і ғана халықаралық санатқа ие. Нәтижесінде Токиодағы Олимпиадада тек 12 судья ғана төрешілікке тартылды.

«Федерациялардың төрешілерді дайындауға қызығушылық танытпауы да төмен жалақының кесірінен туындайды. Спорт жарыстарының бір күні бойы қызмет көрсеткені үшін төрешілерге 1 239 теңгеден төленеді. Осыған байланысты біз спорт төрешілерінің еңбекақысын тарифтеуді арттыру туралы ұсыныстар дайындап жатырмыз», - деді министр.

Одан кейін Д.Абаев Ұлттық спорт резервін даярлау мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, ол спорт ұйымдары мен нысандарын қаржыландыруды оңтайландыру тәжірибесі балалар-жасөспірімдер спорт мектептері санының 33% - ға қысқаруына алып келді деп мәлімдеді. Сонымен қатар, БЖСМ жергілікті жерлерде жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты көптеген балалар мен жасөспірімдердің спорттық жарыстар мен жиындарға қатысуға толық мүмкіндігі болмай, мектептердің өздері қажетті спорттық құрал-жабдықтармен нашар жабдықталған, жалпы инфрақұрылымы ескірген.

«Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуға іссапар шығыстары бөлігінде БЖСМ қаржыландыруды ұлғайтуы қажет», - деп мәлімдеді министр.

Сондай-ақ Д.Абаев Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа Атырау, Маңғыстау және Қостанай облыстарының әкімдеріне олимпиада резервіндегі мектеп-интернат-колледждерін ашуды тапсыруды сұрады.
Сонымен қатар жаттықтырушылар үшін жоғары спорттық нәтижелер үшін біржолғы төлемдерді жүзеге асыру қағидатын қайта қарау мәселесі де қозғалды.

«Бүгінде олар спортшының бірінші, жеке және бас бапкерлері үшін ғана қарастырылған. Біз табысты спортшыларды даярлаудың барлық кезеңдерінде жаттықтырушыларды ынталандыру керек деп санаймыз», - деді министр.

Сонымен қатар, Д.Абаев қатысушыларға спорт резервін даярлау жүйесіндегі ұйымдастырушылық өзгерістер туралы айтып берді.

«Өңірлік құрама командаларды сапалы әрі тиімді даярлау үшін барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда спортты дамыту дирекциялары құрылатын болады. Орталық деңгейде 2022 жылғы 1 сәуірден бастап Ұлттық Олимпиада комитетінің орнына бұл функцияларды мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Республикалық спортты дамыту дирекциясы атқаратын болады. Бұдан басқа, министрлік пилоттық жоба аясында жүзу және шаңғы жарысы сияқты спорт түрлерін дамытуға арналған нақты тұжырымдамалар әзірлеуде. Спортшыларды Париж-2024 жазғы Олимпиадаға және Милан-2026 қысқы Олимпиадаға дайындау бағдарламалары әзірленуде», - деп мәлімдеді министр.

Спорттық медицинаны жандандыру ерекше басымдық болды. 

«Бүгінде Алматы қаласындағы допингке қарсы зертхананың ВАДА-мен аккредиттелуін қайтару бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп отыр. 2021 жылы допингке қарсы ережелер 41 рет бұзылғандығы анықталып, 34 тәртіптік шешім шығарылған. 3 өңірде диспансер қызметін спорт ұйымдарының медициналық бөлімшелері атқарады, ал республиканың 6 өңірінде спорттық медицина ұйымдары мүлдем жоқ. Бұл Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары. Өкінішке қарай, Қазақстанда спорт дәрігерлерінің тапшылығы байқалады, көптеген тексерулер формальды түрде жүргізіледі, спортшылардың өздерінен спорт медицинасы тек бюджет қаражатын игеруге ғана бағытталғандығы туралы жасырын шағымдар келіп түсті.  Осыған байланысты жауапты вице-министрге спорттық медицинаны жаңғырту бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын, ол соның ішінде шетелден мамандар шақыруды көздейді»,-деді Д.Абаев.

Бұдан әрі бағдарлама аясында өңірлерде бұқаралық спортты дамыту туралы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Мамай батыр кентіндегі еркін күрестен жаттықтырушы Ермек Қырықпаев баяндады.

2022 жылғы 10-25 қыркүйек аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) өтетін 19-шы жазғы Азия ойындарына және Парижде ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға ҚР Ұлттық құрама командаларының дайындық барысы туралы Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков, көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы және Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасы ерлер ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Нұржан Смаханов баяндама жасады.

Мемлекеттік спорттық тапсырысқа қатысу туралы Qazaq Batyry жекпе-жек Академиясының негізін қалаушы, «Қазақстан Республикасы Грэпплинг Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Қанат Әлин хабарласа, Солтүстік Қазақстан облысында спорт клубтарын дамытудың оң тәжірибесі туралы Солтүстік Қазақстан облысы «Қуаныш» волейбол клубының директоры, «Анар» шаруа қожалығының басшысы Қайырбек Хамзин сөз сөйледі.

Әрі қарай, еркін микрофон режимінде сөйлеуге барлық қатысушыларға мүмкіндік берілді.