Дәурен Абаев пен Саидикрам Ниязходжаев бірлесіп жұмыс істеуге келісті

Дәурен Абаев пен Саидикрам Ниязходжаев бірлесіп жұмыс істеуге келісті

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті.

Кездесу жылы, достық жағдайында өтті. Екі тарап та Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынастардың тату көршілік сипатын атап өтті.

«Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық халықтарымыздың жақындасуына, ортақ рухани және мәдени құндылықтардың жандануына ықпал етеді», - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі 2022 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын айтты.
Бүгінгі күні мәдени өзара іс-қимылдың табысты тәжірибесінің бірі шетелде «мәдениет күндерін» өткізу.

Саидикрам Ниязходжаев екі тараптың Қазақстанның Өзбекстандағы және Өзбекстанның Қазақстандағы мәдениет күндерін тұрақты негізде өткізу, сондай-ақ бірлескен туристік маршруттарды іске қосу бойынша шаралар қабылдау және тиісті жол картасына қол қою ниеті туралы айтты.

Дәурен Абаев 2022 жылғы қарашаның екінші жартысында Қазақстандағы Өзбекстанның Мәдениет күндерін өткізуді ұсынды. Шығармашылық ұжымдар мен жеке солистердің қатысуымен өзбек артистерінің Нұр-Сұлтандағы гала-концертін және Өзбекстандағы Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Ташкентте қазақ артистерінің концертін өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, Өзбекстан елшісі Қазақстанның шекаралас облыстарында Өзбекстан уәлаяттарының шығармашылық ұжымдарының іс-шараларын өткізуді ұсынды.
Біздің елдеріміздің ынтымақтастығының маңызды бағыты туризм секторы.
Елдерімізде трансшекаралық туризмді дамытуға бағытталған Silk road visa regime бірлескен жобасы іске асырылуда.
Туризм бойынша бірлескен жұмыста бізге серпіліс қажет, деп есептейді Дәурен Абаев. Ол жақын арада чартерлік рейстер жүретінін атап өтті.

«Сіздердің елордаңызға ұшу билеті Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытына қарағанда 4 есе қымбат», - деп Саидикрам Ниязходжаев өзінің таңданысын білдірді.

Дәурен Абаев бұған былай жауап берді:

«Біздің депутаттар бұл мәселені көтерді. Теміржол, автобус, авиация қозғалысы ашылады деп үміттенеміз. Екі ел арасында туризмді дамытатын боламыз».

Келесі тармақта Өзбекстан елшісі ежелгі қолжазбаларды бірлесіп зерттеуді атап өтті:

«Біздің ғалымдар сіздермен бірлесіп Авиценна мұрасын зерттегілері келеді».

Дәурен Абаев онымен келісті:

«Бізде сирек кітаптар қоры бар, көптеген материалдар бар. Осы мәселеде қолдау көрсетуге дайынбыз».

Өзбек елшісі қыркүйек айында Самарқанда өтетін ШЫҰ форумына қатысуды ұсынды, онда елдің визит карточкасы ретінде ұлттық концерттік бағдарламалар сұранысқа ие екенін айтты, ал біздің тарап бұған өз келісімін берді. Сондай-ақ, Саидикрам Ниязходжаев Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың бастамасы бойынша Қазақстан астанасында Әлішер Науаиге ескерткіш орнатуға уәде берілгенін еске салды.