Дәурен Абаев Алматыдағы ЮНЕСКО бюросының директоры және Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы ЮНЕСКО өкілі Криста Пиккат ханыммен кездесті

Дәурен Абаев Алматыдағы ЮНЕСКО бюросының директоры және Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы ЮНЕСКО өкілі Криста Пиккат ханыммен кездесті

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Криста Пиккат пен ЮНЕСКО Кластерлік бюросына жүргізіліп жатқан жұмыстары үшін алғыс айтты.

«Сіздің қолдауыңыздың арқасында мәдени мұраны, дәстүрлі дағдылар мен білімді сақтап қалуға және танымал етуге бағытталған музей саласындағы мамандар жұмысының әлеуетін арттыру жөніндегі қызмет жандандырылды. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы күндер күнтізбесіне әнші Роза Бағланованың 100 жылдығын және лингвист әрі әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын енгізу жөніндегі Қазақстанның ұсынысын қолдағаны үшін ЮНЕСКО-ға алғысымды білдіремін», - деді ол.

Қазіргі уақытта Министрлік Париждегі ұйымның штаб-пәтерінде Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған концерт өткізу мәселесін пысықтап жатқанын атап өтілді. Сонымен қатар Абаевтың айтуынша, Министрлік  Қазақстан атынан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысандарының санын көбейту бойынша жұмыс жүргізуде, атап айтқанда, «Жібек жолы: Ферғана - Сырдария дәлізі» номинациясын әзірлеу бойынша қызмет жүзеге асырылып жатыр. Номинация 2024 жылы ЮНЕСКО-ның қарауына енгізу жоспарланып отыр.

Өз кезегінде, Криста Пиккат Алматыдағы мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының қызметіне тоқталып, оның жұмысындағы креативті күшейту қажеттігін атап өтті. Бюро директорының айтуынша, ЮНЕСКО сарапшылары жүргізген нарық талдауының нәтижесінде бәсекеге қабілетті контент шығару үшін сценаристерді сапалы дайындау проблемасы анықталған.
Осыған байланысты, бюро Қазақстанда креативті индустрия секторында жұмыс істейтіндер үшін онлайн-тренингтер мен курстар ұйымдастыруды көздеп отыр.

Жауап ретінде Д.Абаев қазіргі уақытта Министрлік креативті экономиканы дамыту бойынша шаралар пакетін әзірлеп жатқанын атап өтті.

«Біз жаңа мәдени толқынның дамуына қолайлы жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Мысалы, салаға жаңа қадам басқан музыканттарға арналған дыбыс жазу студияларын ашу. Жоспарымызда жас сценаристер арасында конкурс ұйымдастыру да көзделген», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ Министр мекеменің басқа бағыттар бойынша жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда Пиккат ханым Нұр-Сұлтан қаласының шетінде орналасқан туристер үшін тартылыс орталығына айналуы мүмкін ежелгі Бозоқ қалашығы орнында ашық аспан астындағы мұражай салу барысы туралы хабардар болды.

Кездесу соңында тараптар ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы аясындағы жұмысын талқылады. Бюро директоры 2018 жылғы қазан мен 2022 жылғы қыркүйек аралығында ЮНЕСКО-ның ЕО қаржылық қолдауымен іске асыратын «Ауғанстандағы, Орталық Азиядағы және Ирандағы Жібек жолы мұрасының дәліздері – еуропалық мәдени мұра жылының халықаралық аспектілері» жобасы арқылы Ұлы Жібек жолы бағытында материалдық емес құндылықтарды сақтауға бағытталған бірлескен жұмыстың маңызды аспектісін атап өтті. Және де ЮНЕСКО өкілі Қазақстан жобаның жабылуында көрсетілетін жалпы мәдени мұра бойынша жылжымалы көрмеге қатысатынын еске салды.